Президент мектептерде цифрлық сауаттылықты оқыту сапасын жақсартуды тапсырды

© Photo : Пресс-служба акима Алматы Компьютер сыныбы
Компьютер сыныбы - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2023
Жазылу
Тоқаевтың айтуынша, білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу маңызды
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Goldman Sachs болжамынша, келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал.
"Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу. Жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет", - деді Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында.
Осыған байланысты президент мектептерде цифрлық сауаттылықты оқыту сапасын көтеруді тапсырды.
"Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. "Astana Hub" халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын", - деді Тоқаев.
Ол университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет екенін атап өтті. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек.
Президент жуырдағы жолдауында кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктегенін еске салды.
"Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек", - деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді.
Тоқаев институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейтуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2023
Жасанды интеллект адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін – Тоқаев
Жаңалықтар
0