Репатриациялық рейс қазақстандықтарды Алматыға жеткізді
07:21 11.10.2023 (жаңартылды: 07:56 11.10.2023)
© Sputnik/Александр МирогловЭлектронное табло в аэропорту Алматы
© Sputnik/Александр Мироглов
Жазылу
"Эйр Астана" әуе компаниясының Израильден Алматыға ұшқан ұшағы 166 жолаушыны тасымалдады, оның 124-і – Қазақстан азаматтары.
АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Израильдегі соғыс жағдайының өршуіне байланысты сонда жүрген 124 қазақстандықты "Эйр Астана" әуе компаниясы арнайы репатриациялық рейспен елге жеткізді.
Әуе компаниясының хабарлауынша, Бен Гурион әуежайында отанына оралғысы келетін бірде-бір қазақстандық қалмаған. Сондай-ақ Израильден сол рейспен 42 шетел азаматы келген.
Тель-Авив-Алматы рейсі 10 қазан күні сағат 23:32-де оңтүстік астананың әуежайына келіп қонды. Бортта 166 жолаушы болған, оның 124-і – Қазақстан азаматтары.
© Sputnik/Александр МирогловРепатриационный рейс вернул казахстанцев из Израиля
Репатриационный рейс вернул казахстанцев из Израиля
© Sputnik/Александр Мироглов
Қалғаны – шетел азаматтары. "Эйр Астана" әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Әділ Дәулетбектің айтуынша, олардың көпшілігі елге оралған қазақстандықтардың жақындары – басқа елдің азаматтығын алған жұбайлары мен балалары.
"Ұшақта басқа елдердің азаматтығы бар жолаушылар болды. Бірақ шетелдіктердің көбісі – Қазақстан азаматтарының туыстары: жұбайлары, балалары және т.б. Біз Тель-Авив әуежайында бірде-бір Қазақстан азаматын қалдырған жоқпыз", - деді ол.
© Sputnik/Александр МирогловРепатриационный рейс вернул казахстанцев из Израиля
Репатриационный рейс вернул казахстанцев из Израиля
© Sputnik/Александр Мироглов
Оның айтуынша, компания әуежайға келгендердің барлығын алып кеткен. Бұл оңайға соқпаған.
"Біз бұл елдегі жағдайды жіті қадағалап отырдық. Өздеріңіз білетіндей, көптеген компания бұл елге баратын рейстерді тоқтатты. Онда жолаушылар рейсі мүлдем қалмады деуге болады. Бұл да біз үшін қиын қадам болды, аман-есен ұшып келгенімізге қуаныштымыз", - дейді ол.
Алматы әуежайында көптен күткен Израильден ұшатын рейсті қарсы алғандар саны аса көп болған жоқ. Израильдегі туған-туыстарының онсыз да аман-есен екенін, жақын арада елде болатынын білсе де келгендердің жүздерінен алаңдаушылық әлі де байқалып тұрды.
Солардың бірі алматылық Жанна өзінің жалғыз жақын адамы – соғыс басталған кезде Израильге қонаққа барған әпкесін қарсы алуға келген. Жаннаның айтуынша, осы уақыт ішінде ол әпкесімен үнемі байланыста болған. Ұялы телефондары үнемі жұмыс істеп тұрған.
"Әпкем маған Қазақстан елшілігінің жақсы жұмыс істегенін айтты. Олар үнемі байланыста болды. Елшіліктегілер бірден WhatsApp чатын ашып, адамдармен хабарласып отырыпты. Өте жедел жұмыс істеген. Әпкемннің ұшақ билеттері болған еді, кейінірек ұшып келуі керек еді. Оларға билетті ауыстыру ұсынылды, міне, енді олар ұшып келді", - дейді Жанна.