Республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге түспей қалу қаупі бар – Жамаубаев

© Sputnik / Санат ИмангалиевВице-министр цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности Казахстана Асет Турысов
Вице-министр цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности Казахстана Асет Турысов - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.10.2023
Жазылу
Вице-премьердің айтуынша, мемлекеттік кірістер комитетінің республикалық бюджетті толтыру бойынша нақты жоспары бар
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджетке жыл соңына дейін 2,2 трлн теңге түспей қалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге түспей жатыр.
"Бұл бізге қиыншылық тудырып отыр. Себебі біз осы жылғы экономиканы болжаған кезде мұнай бағасы жоғары болуы керек болатын. Кемінде 85 доллар болуы керек еді. Ол осы мәнге енді ғана келіп жатыр, 8 ай бойы мұнай бағасы төмен болды. Одан кейін металлдардың бағасы түсіп кетті. Аллюминий, мырыш, мыс бағасы әлі көтерілген жоқ. Бізде республикалық бюджетке кірістер, негізінен, тау-кен орындарын дамытатын компаниялардан және мұнай-газ саласынан түседі", - дейді Жамаубаев үкіметте өткен брифингте.
Айтуынша, республикалық бюджет импорттық тауарларға салынатын қосылған құн салығынан да қағылып отыр.
"Соның барлығы айналып келгенде 1,2 трлн теңге болып отыр. Осы тенденция жалғаса берсе, жылдың соңына дейін біздің республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге қаражат түспей қалу қаупі бар", деп алаңдады вице-премьер.
Жамаубаев бюджетті толықтыру бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің нақты жоспары бар екенін атап өтті. Комитет осы 2,2 трлн теңгенің 700 млрд теңгесін салықтық-кедендік әкімшілендіру саласынан, көлеңкелі экономикаға қарсы күрестен түсіруді жоспарлап отыр.
Ал 1,3 трлн теңге бойынша Ұлттық қор "ҚазМұнайГаз" компаниясының 20%-ке жуық акциясын акциясын орналастырады.
"Сол кезде шамамен 1,3 трлн теңге болады, оны дисконтпен орналастырады. Сөйтіп ол қаражатты біз республикалық бюджеттің кем болып жатқан жерін толықтырамыз", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Осылайша үкімет әлеуметтік және басқа да міндеттемелерді толық көлемде орындамақ.
"Яғни республикалық бюджетті нақтыламай, парламентке шығармай немесе тапшылықты көбейтпей, сырттан алатын қарыздардың аумағын кеңейтпей, осы мәселені шешеміз деп жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді сөзін қаржы министрі.
Бұған дейін Ерұлан Жамаубаев 2023 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық қаражат түскенін, жоспар 89,3%-ке орындалғанын мәлімдеген еді.
Айтуынша, салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты.
Жаңалықтар
0