Экономика

Бізде әлі көлеңкелі экономикада ақша айналып жатыр – депутат

Еділ Жаңбыршин - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.10.2023
Жазылу
Еділ Жанбыршин үкімет бірінші кезекте Бюджет кодексімен қатар Салық кодексін де реттеп, қаржыны көлеңкеден шығару керек деп есептейді
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бюджетті толықтыру, оны жоспарлау және игеру мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісменнің айтуынша, бізде бюджет жетіспеушілігі әлі де бар.
"Өйткені көлеңкелі экономикада әлі ақша айналып жатыр. Сондықтан үкіметтің бірінші мәселесі Бюджет кодексімен қатар Салық кодексін де реттеп, көлеңкелі экономиканы ашық айналдыру. Сол кезде бюджетке көбірек қаржы түседі. Ол не үшін қажет? Біздің әртүрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларымыз бар, жалпы мемлекеттің дамуы үшін бюджеттің қаржысы мол болғаны жақсы", - дейді Жаңбыршин мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің таныстырылымында.
Екінші мәселе бюджетті жоспарлауға қатысты. Депутаттың айтуынша, кейбір жобалар уақыт өте қымбаттап кетеді.
"Мысалы Қошқар атаны айтайық. Ол басында 14-15 млрд болды, қазір 40 миллиардтың үстіне шығып кетеді деп естіп отырмыз. Енді ол қаржы республикалық бюджеттің емес, жергілікті бюджеттің мойнына ілінеді. Ондай үлкен қаржыны жергілікті бюджет көтере алмайды ғой. Сондықтан біздің ойымыз – Бюджеттік кодексте бұл мәселені республикалық бюджет те, жергілікті бюджет те көтеруі керек", - деп санайды ол.
Айтуынша, бұл тек Қошқар ата ("Қошқар ата" ойпатында радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыру – агенттік) емес, басқа да жобаларға қатысты.
"Уақыт өткен сайын материалдар қымбаттап кетеді. Оған жергілікті билік кінәлі емес қой. Сондықтан бұл қаржыны республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де көтеру керек. Ең болмаса елу де елу қылу керек", - дейді Жаңбыршин.
Сондай-ақ мәжілісмен жаңа Бюджеттік кодексте бюджет ақшасын игеру мәселесі шешімін табуы керек деп есептейді.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, миллиардтаған қаржы дұрыс жоспарланбағаннан, оны уақытында игермегеннен кейін қалып қойып жатады. Біз бірінші басшылардың жауапкершілігін арттырамыз, қалған игерілмеген қаржыны келесі жылға жібереміз деп айтып жатыр. Бұл былайша айтқанда әбден бояуы сіңіп, проблеманың бәрі болып кеткеннен кейін қолданатын шешім. Біздің сұрайтынымыз – соны болдырмау. Алдағы жұмыс топтарында депутаттармен бюджеттің уақытында игерілуіне қатысты мәселені шешеміз деген ойдамын", - деді депутат.
Жаңалықтар
0