Қызылорда облысында ауыл тұрғыны қойдың жүніне картоп екті

© Public DomainКартоп, иллюстративті фото
Картоп, иллюстративті фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.10.2023
Жазылу
Ол үй ауласындағы алақандай жерге қойдың жүнін төсеп, оған картоп тұқымын тастап, үстін сабанмен жауып, көңмен көмген
АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылының тұрғыны ерекше әдіспен картоп екті. Ол егінге қажет суды үнемдеу үшін қойдың жүні мен сабанды пайдаланған, деп хабарлады Хабар 24.
Сырдария өзенінің деңгейі төмендегелі Ақжар ауылының ішіндегі арыққа су келмейтін болған. Дегенмен ауыл тұрғыны Талғат Лекеров жер асты суын пайдалануға көшкен. Сонымен қатар көкөніс егудің тиімді тәсілін тауып отыр. Ол үй ауласындағы алақандай жерге қойдың жүнін төсеп, оған картоп тұқымын тастайды. Ал үстін сабанмен жауып, көңмен көмген. Арасы дымқылданып, картоп тез піседі екен. Ал жүн мен сабан шіріп, топыраққа құнар береді.
Бірнеше шаршы метр жерден 300 келі картоп жинаған ол, дәл сол жерге тамыздың басында сәбіз егіп үлгеріпті. Осылайша бір жерден екі рет өнім жинап алмақ.
"Осы сәбіз 5 тамызда егілді. Бұлар енді күзге дейін піседі. Күннің салқынында сәбіз жақсы өседі. Түнде шық түседі қанша дегенмен. Өзі ығалданып, күзде егілген сәбіз көп суды қажет етпейді. Жер қызбайды, кеппейді асты. Сосын жер қатаймайды", - дейді Талғат Лекеров.
Талғаттың үйінің ауласында арық жоқ. Егінді себелеп қана суарады. Дүкеннен бау-бақша, көкөніс өнімдерін сатып алмайтын еңбекқор жан, азғантай сумен аядай жерден мол өнім алудың әдісін ауыл жастарына да үйретуден жалықпайды екен.
"Малдың жүнін, қиын жарамсыз деп далаға шығарып тастап жүрміз. Ал оны іске жаратудың технологиясын осы Талғаттан-ақ үйренуге болады. Осы ауладағы дүниенің бәрін ауыл тұрғындарына көрсетіп, жастарды еңбекке шақырып отырмыз", - дейді Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева.
Бұл отбасы жиын-терімді қыс бойы жертөледе сақтайды. Бұл қарапайым отбасының бюджетін үнемдеуге айтарлықтай сеп болады. Келер жылы экзотикалық өсімдіктерді де ерекше әдіспен күтімге алуды көздеп отырмын дейді ізденімпаз жан.
Жаңалықтар
0