Әке-шешесі қан құюға рұқсат бермеген: Көкшетауда екі жасар бүлдіршін көз жұмды

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.09.2023
Жазылу
Діни секта мүшелерін дәрігерлер екі күн бойы үгіттеп көндіре алмаған
КӨКШЕТАУ, 29 қыркүйек – Sputnik. Екі жасар бала Көкшетаудағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.
1,8 айлық кішкентай науқас ауыр жағдайда Щучинск қаласынан санавиациямен жеткізілген. Баланың өкпесінің екі жағы бірдей зақымданған, пневмониямен комаға түскен. Сәбиге шұғыл қан құю қажет болған, алайда ата-анасы діни наным-сенімді желеу етіп, дәрігерлердің айтқанына көнбеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, көпсалалы облыстық балалар ауруханасына науқас 24 қыркүйекте сағат 18.00-де Бурабай орталық аудандық ауруханасынан жеткізілген. Бала дереу анестезиология және жансақтау бөліміне жатқызылды.
"Диагноз – ауруханадан тыс екі жақты пневмония, аурудың ауыр дәрежедегі жедел ағымы. Асқыну: сепсис, көп ағзалы жеткіліксіздік синдромы (токсикалық кардит, гепатит, нефрит). Кома, мидың ісінуі, оптикалық дискінің ісінуі", – деп нақтылады ведомство.
Дәрігерлер республикалық Ана мен бала ұлттық орталығымен, бас балалар реаниматологымен және Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасымен консилиумдар мен консультациялар өткізді.
"Ата-анасына баланы емдеу үшін қан мен оның компоненттерін құю қажеттілігі туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Алайда ата-анасы ұлына қан құюға келісім бермеген. Олар діни сеніміне байланысты үзілді-кесілді бас тартқан.
"Ата-анасы баласына қан құюға көнбегендіктен аурухана директорының орынбасары мен заңгердің, денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімі басшысының, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қатысуымен консилиум өткізілді", - деп атап өтті ведомство.
Кәмелетке толмағанның заңды өкілдері өмірді құтқару үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына немесе сотқа жүгінуге құқылы. Лажы қалмаған дәрігерлер баланың өмірін сақтау үшін осы қадамға да барған. 27 қыркүйек, сәрсенбіде қамқоршылық органдары жас баланың ата-анасымен әңгіме жүргізді, бірақ оларды өмірлік маңызды процедураны жүргізуге сендіре алмаған. Ата-ана баласының өміріне өздері жауапты екенін жазып, қолхат берген.
"Бала 28 қыркүйекте аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Барлық ықтимал медициналық көмек көрсетілді", - деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер діни наным-сенім бойынша емдеу мен операциядан бас тарту мәселесі бүгінгі күні өткір тұрғанын айтты. Сонымен қатар ата-ананың немесе кәмелетке толған науқастың келісімі заң бойынша міндетті саналады. Осындай жайттарға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы орталық мемлекеттік органдарға хат дайындап жатыр.
Жаңалықтар
0