Сенаторлар қандастарды көптеп тартудың жолын ұсынды

© SputnikМиграция
Миграция - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2023
Жазылу
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Сенаттың бір топ депутаты Қазақстанға көшіп келетін қандастар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, қазіргі кезде шетелде жүрген қазақтар арасында ассимиляция мен мәдени сіңіру процестері күшейіп отыр. Ал осы үдерісті шектеудің бірден-бір жолы – отандастарымызбен әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту.
"Бұл бағытта сыртқы істер министрлігінің қарасты "Отандастар қоры" тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Білім алу саласындағы түйткілді мәселелер бар. Шетелдік қандастарға білім алуға 4 проценттік квота беріледі. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеудің қағидаттарымен сұрақтардың жиі ауысуына байланысты сынақтан тек 25 пайызы ғана өтіп, оқуға түседі. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелдік балаларды квотаға сәйкес біліммен толығымен қамту үшін оқуға стипендиялық бағдарламамен қабылдау керек", - деді Сарыбаев.
Сенатор Отандастар қорына бөлінетін қаражаттың көлемін жариялады. Жыл сайын осы ұйымға бюджеттен 650 миллион теңге аударылады. Өзбекстанда тура сондай мекемеге үш есе артық ақша беріледі. Ал Ресейде 58 есеге артық қаржы қарастырылған.
"Сондықтан Отандастар қорының мәртебесін, әлеуетін, материалдық-техникалық және қаржылық базасын күшейту керек. Бүгінде елімізге көшуге ниет білдірген қазақтардың саны шамамен 1,5 миллион адамды құрайды. Отандастырымыздың көптеп келе алмауының себебі – менталитет пен білім беру саласындағы айырмашылықтар. Ал тілдерді білмеу олардың мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бейімдеу және интеграциялық орталықтардың, әсіресе, солтүстік өңірлерде ашылмауы көптеген мәселенің шешілуіне бөгет болып отыр", - деп атап көрсетті Сарыбаев.
Ресми мәліметке сәйкес, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға 1 млн 23 мың қазақ көшіп келген. Шетелде әлі күнге дейін 3,5-4 млн қандас тұрады. Ал бейресми ақпарат бойынша олардың саны 7 млн адамнан асады.
Сенаторлар үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, қандастар үшін азаматтық алу тәртібін жеңілдетуді сұрады. Сондай-ақ барлық қолдау шараларын, әсіресе, солтүстік өңірлерде барынша күшейтуді талап етті.
Жаңалықтар
0