Мұсылмандар Мәуліт мерекесін атап өтіп жатыр

© Sputnik / Владислав ВодневВиды Астаны с высоты птичьего полета
Виды Астаны с высоты птичьего полета - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2023
Жазылу
2023 жылы Мәуліт мерекесі 27 қыркүйекке сәйкес келіп тұр
Әуел баста мұсылмандар бұл айға аса мән бермесе де, соңғы жылдары пайғамбардың туған айы ретінде "мәуліт" деп тойланып жүр. Бұл ай сондай-ақ бірінші көктем деген мағына береді. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Мәуліт қандай мағына береді

Мәуліт арабша "туылу", "туылған уақыты" деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты аталып өтетін күн мәуліт деп аталады.

Пайғамбарымыздың асыл қасиеттері

Мұхаммед пайғамбарымыз қасиетті Мекке қаласында туған. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған.
Мұхаммед Исадан милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.
Ана құрсағында алты айлық болғанда: "Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туылғанда есімі Мұхаммед болсын", - деп Әминаға аян етіледі. Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болған. Дүние нұрға толған. Пайғамбарымыз өмірге келгенде үстінен жұпар иіс аңқып тұрған.
Келінінің нұрлы пір перзент көргенін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасайды. Құрайыш руының ұлықтарын шақырады. Сүйікті немереңе қандай ат қойдың дегенде " "Мұхаммед" деп ат қойдым", - дейді.
Олар: "Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатың не ?" , - деп сұрайды. Сонда Әбдүлмүттәліп: "Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін", - деп жауап береді.
Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды.
Пайғамбарымыз бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Қатты күлмей, тек жымиятын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім-кімге де бірінші болып сәлем беретін.
Туған-туыстарын құрмет тұтатын, үй ішімен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, оларға да соны ішкізіп, соны кидіретін.
Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Оның сөздері ешқашан ісіне қайшы келмеді және сахабаларына айтқан әрбір сөзін кемел түрде орындады. Мейірімділік пен жұмсақтық танытуды бұйыра отырып, ол өзі де адамдарды кешірудің, олар жайлы жақсы ойлаудың жарқын үлгісін көрсетті. Ашудан тыйып, өзі бірінші болып ашудан және ұрыс-керістен аулақ болды.

Мәуліт мерекесін қалай тойлайды

Мәуліт мерекесін атап өтудің негізінде Пайғамбарға деген сүйіспеншілік жатыр. Пайғамбарымыздың туған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбек жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан.
Қазіргі таңда мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Пәкістанда пайғамбарымыздың туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады.
Мәуліт мерекесінде Қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Қасиетті мәуліт күнінде жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлық беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт.
Бұл күнді тойлаудағы негізгі мақсат – пайғамбар ғұмырын үлгі ету. Оның жүріп өткен өмірін, амалдарын, өсиетін ұрпаққа жеткізу. Ата-ананы құрметтеуге, сүннет жолын ұстануға үйрету. Пайғамбар көрсетіп кеткен жолды нұсқау. Өсиетін ескеру.
Мәуліт айында мұсылман үмбеті Алла елшісіне сан мың салауат, мадақ айтады. Шүкірлік етіп, ғибратты істер жасап, сауапқа бөленеді.
Сәби - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.01.2019
Қоғам
Мұсылманша есімдер немесе ат қою кезінде нені ескеру керек?
Жаңалықтар
0