Қазақстандық бизнесті қаржыландырудың жаңа көзі пайда болады

© Sputnik / Владислав ВодневЗаседание правительства Казахстана
Заседание правительства Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2023
Жазылу
Мәжіліс Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу үшін Түркі инвестициялық қоры құрылады. Мәжіліс Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі міндеттерінің бірі – экономиканың озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру және оларды белсенді енгізу. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі болды.
"Қорды құру бастамасына Әзербайжан Республикасы ұйытқы болған. 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорды тең капиталды және тең дауыс құқығы қағидатына сәйкес құру бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті. Осылайша, биыл 16 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің төтенше саммиті аясында Қорды құру туралы келісімге қол қойылды", - деп мәлімдеді Қуантыров мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Түркі инвестициялық қоры түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты болады.
Қордың мақсаты – өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.
"Аталған мақсатқа жету үшін қор инвестициялық қызмет арқылы келесі функцияларды орындайды – жобаларды, атап айтқанда шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономиканы қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларын қолдау. Бұл жобалар ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті экономика министрі.
Қуантыровтың ақпаратынша, қордың жарғылық капиталы – жалпы номиналды құны 350 млн долларды құрайтын төленген акциялар және номиналды құны 150 млн долларды құрайтын қосымша тартылатын акциялар. Онда әрбір мемлекеттің үлесіне 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады.
Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың құрамына қор президенті, басқарушылар кеңесі, директорлар кеңесі, бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешіміне сәйкес қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы бас хатшысы Бағдат Әміреев тағайындалды.
Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түркі елдері көшбасшыларының келісуімен Ыстанбұл қаласы болып белгіленді. Қуантыровтың айтуынша, қорды құру келісімін ратификациялау туралы заңның қабылдануы Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы, түркі Халықаралық қаржы ұйымының алғашқылардың бірі және толыққанды мүшесі болуға, экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері шеңберінде және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Келісімді ратификациялау теріс саяси, құқықтық, экономикалық немесе басқа салдарларға әкеп соқпайды.
Жаңалықтар
0