Су тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр - Тоқаев

© Акимат Кызылординской областиСолончаки Аральского моря
Солончаки Аральского моря - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша, жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
"Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі "климаттық" мигранттың пайда болуына түрткі болады", - деді Тоқаев.
Президент суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырғанымызды атап өтті.
"Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді", - деді президент.
Тоқаев мемлекеттер су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты.
"Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін", - деді Тоқаев.
Жаңалықтар
0