Министрлік емханаға қалай тіркелуге болатыны туралы 10 сұраққа жауап берді

© Sputnik / Абзал КалиевЕмхана
Емхана - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2023
Жазылу
Қазақстанда тіркеу науқаны жыл сайын өткізіледі және әр жолы бірқатар сұрақ туындайды
АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі емханаға қалай тіркелуге болатыны туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізіледі.

Емханаға тіркелу үшін берілген өтінім қанша уақыт ішінде қаралады?

Электронды үкімет порталы арқылы өтінім берілген жағдайда 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

Егер тіркелу науқаны кезінде басқа емханаға тіркелуге өтініш берілсе, пациент сол жерден қай уақытта медициналық көмек ала алады?

Тіркелу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді және оның нәтижесі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, басқа емханада (осы емхана оны тіркеуге өтінімін растаған жағдайда) пациент жаңа жылдың басынан бастап медициналық көмек ала алады. Басқа емханаға тікелген кезде бұрынғы емханадан автоматты түрде шығарылады.

Емханаға кім тіркеле алады?

Қазақстан аумағында тұрақты тұратын (тұруға ықтиярхаты бар) ел азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар емханаға тіркеле алады. Азаматтардың бұл санаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС жүйесінде қызметтер алуға құқылы.
Қазақстан аумағында уақытша болатын еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де емханаға тіркеле алады – бұл ЕАЭО-ға қатысушы елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) азаматтары. Ол үшін оларға ерікті медициналық сақтандыру шарты (полис) немесе медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) және стационарлық көмекті жабуға есептелген медициналық сақтандыру (ЖМС) болуы керек. МСАК-тағы ЕМС немесе ЖМС шарттарының негізінде емханаға бекітіліп, ТМККК-ға кіретін медициналық көмек алуға болады. Бұл ретте еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері МСАК-қа ЕМС немесе ЖМС шарттарынсыз МӘМС-ке кіретін медициналық көмекті ала алмайды.

Барлық азамат сол жерде қызмет көрсетуді жалғастыру үшін өз емханасына қайта тіркелуге өтініш беруі керек пе?

Жоқ, тіркелген халық өз емханасында медициналық көмек алуды жалғастырады. Егер азаматтар тиісті өтінім бермесе, бұрынғы медициналық ұйымдарына тіркелген күйінде қалады.

Бір отбасының мүшелері бір учаскелік дәрігерге бекітілуі керек?

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету отбасылық бақылау қағидатына негізделген. Дәрігерге осы отбасы мүшелерінің саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру, мүмкін болатын аурулардың профилактикасы және емдеу оңайырақ болады. Медициналық көмек көрсетудегі бұл тәсіл оның сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Жақын жерде орналасқан емханадан алыс емхананы таңдауға бола ма?

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсетудің негізгі қағидаты аумақтық қолжетімділік болғандықтан, пациенттерге қадамдық қолжетімділіктің шегінде (15-20 минут жаяу жүру) емханаларға бекітілу ұсынылады. Мұндағы артықшылық үйде медициналық көмек алу мүмкіндігі болады.
Жалпы, емхананы тұрғылықты жері бойынша емес (бірақ тұрғылықты жері немесе қала ауданы шегінде) таңдауға болады. Сондықтан жақын жерде орналасқан емханаға тіркелу ұсынылады.

Бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге бола ма?

Жоқ. Тіркелу жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылатындықтан, азаматтар тек бір емханаға тіркеле алады, бұл ретте бұрынғы емханадан автоматты түрде шығарылады.

Қандай себептер бойынша емханаға тіркелуге өтінім қабылданбауы мүмкін?

Тіркеуден бас тартудың бірнеше себебі бар:
қате құжаттар ұсынылғанда;
пациент басқа қалада (кентте, ауылда) тұрғанда;
бұл емханада барлық учаскеде бекітілген халықтың ең көп санынан асып түскенде;
тіркелуге тиісті баланың мүддесін білдіруге заңды құқығын растайтын құжаттар болмаған жағдайда.
Нормативтік құжаттарға сәйкес, бекітілген халықтың ең көп саны мынадан аспауы керек:
бір жалпы практика дәрігеріне - аралас халықтың 1 700 адамы (ересектер мен балалар);
учаскелік терапевт-2 200 ересек адам;
учаскелік педиатр-0-ден 6 жасқа дейінгі 500 бала, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 бала.

Тіркелу науқанына қанша емхана қатысады?

Тіркелу науқанына барлығы 624 МСАК объектісі қатысады, онда 13 мыңға жуық учаске жұмыс істейді. Салыстыру үшін 2021 жылы тіркелу науқаны бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек 521 медициналық ұйымда қолжетімді болды.

Тағы қандай себептермен емхананы ауыстыруға болады?

Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес екенін естеріңізге сала кетейік. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе немесе ол орналасқан емхана қайта ұйымдастырылған немесе жойылған болса және т. б.
Егер сізде сұрақтар туындаса, сіз оларды пациентке қолдау көрсету қызметіне хабарласып, өз емханаңызда сұрай аласыз. Егер сізге жергілікті жерде көмектесе алмаса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жібере аласыз: Ресми сайт fms.kz, байланыс орталығы 1414, Qoldau 24/7 мобилдік қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Жаңалықтар
0