Талдықорғанда оқушылардың жол жүру билетіне ұзын-сонар кезек пайда болды

Жазылу
Бұрын қалада қағаз жол жүру билетіне миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалса, жаңа карталар жергілікті бюджет шығысының бұл бөлігін екі есе қысқартады
ТАЛДЫҚОРҒАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Талдықорғанда оқушылар мен студенттерге арналған жол жүру картасына ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде жол жүру картасына кезекке тұрған бір топ адамның видеосы тарап кетті.
Талдықорған қалалық білім басқармасы жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мен студенттер электронды төлемге көшкенін атап өтті.
Оқушылар үшін қоғамдық көлікпен жүру ақысын төлеудің екі түрі қарастырылғаны белгілі болды. Бұл пластикалық көлік картасы және 400 теңгелік NFC фунциясы бар виртуалды көлік картасы.
Олар бірнеше жерде сатылып жатыр, деп атап өтті қалалық білім басқармасы.
"AlemPay ЖШС "Қазпочта" филиалдарынан алуды ұсынды, бірақ бұл жағдайда картаны ЖСН арқылы тіркеу қажет. Сондай-ақ ыңғайлы болу үшін оператор кеңсесіне баруға болады", - деді Талдықорған қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қанағатов.
Карточканың жарамдылық мерзімі шектелмеген, ал жоғалған жағдайда оны қалпына келтіруге болады.
"Карта арқылы оқушының күніне немесе айына қанша рет қоғамдық көлікте жүргені тіркеледі. Карта қоғамдық көлікте күніне 6 рет жүруге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Қанағатов.
Ол оқушы картамен қосымша сабақтарға да бара алатынын атап өтті.
"Мектеп оқушысы үшін бұл жеткілікті. Оқушы мемлекет есебінен тегін жол жүретінін барлығы түсінуі керек, оны тиімді пайдалану қажет", - деп түйіндеді сөзін Жасұлан Қанағатов.
Әкімдік жол жүру билетін қағаз түрінде сатып алу бюджетке миллиард теңгеге жуық шығын әкелетінін атап өтті. Қазір бұл сома екі есеге қысқарды. Мақсат – бюджетті үнемдеу, сонымен қатар оқушылардың нақты саны мен қанша рет жол жүретінін есепке алу.
Жаңалықтар
0