Қошанов мектептерде орыс тілін шектеуге қатысты өз ойын айтты
© Sputnik / Илья Питалев
/ Жазылу
Мәжіліс төрағасының ойынша, басқа тілдерді оқыту мәселесі мемлекеттік тілді дамытуға кедергі болып отырған жоқ
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мектептерде орыс тілін оқытуды азайтуға қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін мәжіліс отырысынан кейін журналистер мектепте орыс тілінде сабақ беру мәселесін көтерді.
"Қазақстандағы мектептерде орыс тілінің сағаттарын қысқарту керек пе? Осыған қатысты ойыңыз қандай?", - деді тілшілер.
Төменгі палатаның спикері бұл мәселеге келгенде нақты бір ұстаным болу қажеттігін ерекше атап өтті.
"Орыс тіліне тыйым салуымыз керек пе? Жоқ, әлде өзіміздің мемлекеттік тілімізді дамыту керек пе? Ол туралы мен бұрын да өз пікірімді айтқанмын. Негізі, біз неғұрлым көп тіл білетін болсақ, біздің балаларымыз, біздің ұрпақтарымыз, біз өзіміз соғұрлым бір басқа, бір деңгейге биік тұрамыз. Сондықтан орыс тілі де керек, ағылшын тілі де керек. Әрине, бірінші кезекте мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек. Біздің балаларымыз мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет", - деді Қошанов.
Мәжіліс төрағасының ойынша, басқа тілдерді оқыту мәселесі мемлекеттік тілді дамытуға кедергі болып отырған жоқ.
"Біз мемлекеттік тіл мәселесін басқа тілдерді оқытуды төмендету арқылы шешпеуіміз керек. Бәрін де дамытуымыз керек. Бірақ мемлекеттік тілге басымдық берген жөн", - деп атап көрсетті Қошанов.
Айта кетері, спикер мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты өз ойын да айтты.