"Домбыра – харам": Аманжол Әлтай үкіметтен шұғыл шара қолдануды талап етті

© Sputnik / Абзал КалиевАманжол Әлтай
Аманжол Әлтай - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.09.2023
Жазылу
Депутат жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратып жатқанын атап өтті
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай үкіметтен домбыраға қарсы шабуылдарды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлтайтың айтуынша, бүгінде домбыраға қарсы шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады.
"Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратуда. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген "Домбыра – харам" деген секілді адам шошытар алып-қашпа сөздер дәлел. Домбыра – татулық пен бірліктің мәмілегері. Ата тарихымыздағы небір аласапыран замандарда ұлтты ұйыстыруға, елді біріктіруге, ерлерді ел қорғауға шақыруға зор рөл атқарған", - деді Әлтай мәжілістің бүгінгі отырысында.
Депутат ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған.
"Ендеше, домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының ұлттық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ", - деп атап өтті депутат.
Осы орайда Әлтай бірқатар шараны атқару қажеттігін талап етті. Олар:
Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізу;
Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлерін көбірек насихаттау;
Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуге тиіс.
Жаңалықтар
0