"Болашағына балта шапты": сенатор жетімдерді қолдау орталығында болған оқиғаны баяндады

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2023
Жазылу
Астана қаласында тұратын бір отбасы жетім баланы асырап алып, көп ұзамай, қайтарып жіберген
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Сенатор Амангелді Толамисов үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оған жетімдерді қолдау орталығында болған жағдай түрткі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақында сенатор Астанадағы жетімдерді қолдау орталығында өткен мерекелік шараға қатысқан. Сол жерде Талдықорғанда болған баланы кездестіреді.
"Ол жақта "Айналайын" деген орталық бар. Соның тәрбиеленушісін кездестірдім. Мен ол жердегі барлық баланы танимын. Сөйтсе, Астана қаласында тұратын бір отбасы баланы асырапалып, көп ұзамай, қайтарыпты. Оны жетімдерді қолдау орталығына орналастырған. Құжаттары рәсімделіп жатыр. Дайын болғасын қайтадан Талдықорғандағы орталыққа қайтарылады", - деді Толамисов жоғары палатаның бүгінгі отырысында.
Сенатор үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, осы мәселені шешуді талап етті.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылдың ішінде жетім балаларды кері қайтару жағдайлары 65 процентке көбейген. Мәселен 2020 жылы 160 бала болса, 2021 жылы – 197 бала, ал 2022 жылы 217 баланы кері қайтарған. Заң бойынша баланы асырап алған ата-аналар одан бас тартса, мемлекет тарапынан берілген ақшаны да қайтаруға тиіс.
"Дегенмен баланы өзге ортаға бейімдемек болып, кейін одан бас тартқанда балаға үлкен моральдық зиян келтіріледі. Ата-ананың мейірімін көрмей, жат бауыр болып өскен баланың мінез-құлқына кері әсер ететін жағдайлар туындайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, "болашағына балта шапты" дегендей алғышарттар туындайды. Сонымен қатар асырап алғаны баланы түрлі үйірмелер мен секцияларға апармай, қара жұмысқа салумен, басқа да өз мүддесі үшін пайдалану сияқты жан ауыртарлық мәселелер болып жатады", - деп атап өтті Толамисов.
Бүгінде баланы асырап алушыларды қадағалайтын қамқоршылық органы бар. Бала асырап алу агенттігі бар. Бірақ олардың тұтас республиканы қамтуға мүмкіндігі болмай тұр.
"Сондықтан баланы асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтардың ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қызметкерлердің санын көбейту керек. Сосын асырап алған баладан бас тартқан ата-аналардың жауапкершілігін заң жүзінде күшейту қажет. Ал моральдық шығын ретінде қомақты айыппұл салуға болады", - деп түйіндеді сенатор.
Жаңалықтар
0