Үкімет ұмытып кеткен: депутат жалақысы өспеген орманшылардың жанайқайын жеткізді

© Photo : Пресс-служба акима Абайской областиСанитарные работы в "Семей орманы"
Санитарные работы в Семей орманы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.09.2023
Жазылу
Семей орманындағы алапат өрттен кейін экология министрлігі орманшылардың жалақысы шілдеден бастап көтерілетінін жариялаған еді, алайда депутаттың айтуынша, іс жүзінде басшылық құрамның ғана айлығы өскен
АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев үкіметке жалақысы өспей қалған орманшылардың мұңын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Абай облысында орман өрті болып ондаған азаматымыздан айрылған соң, экология министрі "орманшылардың жалақысы биыл 1 шілдеден бастап өседі" деп ақпарат құралдарынан ақтарылып сөйледі. Күн сайын өмірін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Себебі үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын "ұмытып кеткен"", - дейді депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына "Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар маман кірген.
Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізушісі, автокөлік жүргізушісі, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радиобайланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауыл, кіші қызметкер, бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші сияқты қызметкерлердің айлығы өспей қалған.
"Біздің депутаттарға келген хатты экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Яки, "жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын" деген. Бірақ жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған", - дейді мәжілісмен.
Сондай-ақ Сәрсенғалиевтің айтуынша, орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған.
"Бұл елдегі бүкіл орманшының арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ", - деп ашынды ол.
Осыған байланысты депутат орман шаруашылығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша "Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі" мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100 процентке көтеру қажет деп санайды.
Бұдан бөлек ол орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100 процентке жаңарту керек екенін атап өтті.
Еске салсақ, Абай облысындағы ірі орман өрті биыл 8 маусымда болды. Төтенше жағдай салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусым бүкіл еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
ақша - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.06.2023
Қаза тапқан орманшылардың отбасыларына 7 млн теңгеден беріледі
Жаңалықтар
0