Экономика

2028 жылға қарай жалпы ішкі өнім 475 млрд долларға дейін өседі

© Sputnik / Владислав ВодневМонета, архивтегі фото
Монета, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.09.2023
Жазылу
Президент жолдауы аясында экономиканы арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге бағытталған 100 іс-шара қолға алынады
АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Үкімет мемлекет басшысының жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын талқылады, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
"Құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін жаңа экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған", — деді Әлихан Смайылов.
Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
"2028 жылға қарай республиканың ЖІӨ-сі $475 млрд-қа дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұған, атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп пен АӨК-тегі оң динамика ықпал етеді. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында тұрақты өсім болжануда. Нақты сектордағы өндірісті ұлғайту қызмет көрсету секторын дамытуға ықпал етеді", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын сапалы өсіруге бағытталған 100 іс-шарадан тұратынын баяндады.
Өңдеу өнеркәсібі саласында ірі кәсіпорындардың ел ішінде шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары тек орта және жоғары өңдеу өнімдерін өндірушілерге ғана көрсетілетін болады.
Сонымен қатар отандық қайта өңдеушілерді шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін өндіруші кәсіпорындармен келісімдер жасасудың қолданыстағы ерікті тетігі міндетті сипатқа ауыстырылады. Бұл ретте ерекше бәсекелестік баға белгілеу бойынша қолданыстағы тетік, яғни экспорттық бағадан төмен баға сақталады.
Қорғаныс өнеркәсібінде зауытаралық кооперацияны ескере отырып, әртүрлі калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер, атыс қаруы және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жаңа өндірістер ұйымдастырылады.
Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру және көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту мақсатында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске түзетулер топтамасы қабылданады. Сонымен қатар ірі кен орындарында жаңа газ өңдеу зауыттары салынады.
Жаңалықтар
0