Қоғам

Экс-министр Жамбыл облысына әкім болып барды

© Sputnik / Владислав ВодневЕрбол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.09.2023
Жазылу
Қарашөкеев бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды
АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысының жарлығымен Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Қарашөкеев 2021 жылғы қыркүйектен бері ауыл шаруашылығы министрі болды. Ал Жамбыл облысын басқарған Нұржан Нұржігітов жаңадан құрылған су ресурстары және ирригация министрлігінің басшысы болып тағайындалды.

Жаңа әкім туралы не білеміз

Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы статистика агенттігі талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған.
ҚР президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты, "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ қаржы департаментінің директорының міндетін атқарушы, директоры – басқарма мүшесі болды.
2006-2007 жылдары қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінде жұмыс істеді. "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарушы директоры болды. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарған.
2013-2016 жылдары – "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары;
2019 жылдың сәуірінен 2021 жылдың наурызына дейін "ҚазАгро" холдингі" АҚ басқарма төрағасы;
2021 жылдың сәуір-шілде аралығында қаржы вице-министрі болды.
2021 жылдың шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрі міндетін атқарды.
2021 жылғы қыркүйекте ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалды.
Жаңалықтар
0