Жамбыл облысында қуаңшылыққа байланысты пияз өнімділігі 30%-ке төмендеді

© Photo : СС0 / Robert Owen-WahlЛук
Лук - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2023
Жазылу
Аз да болса өнім алу үшін облыстағы диқандар бір ай ерте пияз жинауға кірісті
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында пияз түсімі былтырғыдан 30%-ке төмен болады деп күтіліп отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар егіннің шықпауына ауа райының қолайсыздығы мен Қырғызстаннан келетін судың бір ай бұрын тоқтатылуынан туындаған су тапшылығы себеп болды деп есептейді.
Диқандардың бірі Әли Джафаровтың айтуынша, ол қазір әр гектардан 20 тонна шамасында пияз жинап отыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе аз. Жер толығымен кеуіп кетпеуі үшін олар пиязды әдеттегіден ерте жинай бастады.
Ол пиязды экспорттауға тыйым салған кезде өнім жинау басталғанын еске алды. Бірақ пияз бұзыла бастаған.
"Бұл тыйым енгізілген кезде пияз бұзыла бастады. Мен өзім 700 тоннадай пиязды лақтырған шығармын. Жалпы 41, 43, 45 рет суару керек. Бұл жолы 30-дан аса, 37-38 рет суардық. Яғни жете суарылмаған болып отыр. Өнімді жинар алдында суарудың маңызы зор", - дейді ол.
Шаруалар бір гектар пиязға 3,5 миллион теңге жұмсағанын есептеді. Жұмысшылардың егін жинауға кететін шығынын өтеу және ай сайынғы несиені төлеу үшін пиязды арзан бағаға сата бастады.
"Құны 30-40 теңге. Ірісі 43-45 теңге. Дәл қазір 80-82 теңгеден сататын болсақ, шығыннан құтылар едік. Қазір сұраныс жоқ. Еуропаның бес елі қазақстандық пиязға қызығушылық танытты", - деді Әли Джафаров.
Облыста пияз жинауды қазан айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр. Мемлекет диқандар минералды тыңайтқыштар мен химикаттарға жұмсаған шығынның жартысын өтейді.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов бүгінге дейін 6 780 гектарға жуық алқаптан астық жиналғанын айтты.
"Орташа өнім шамамен 270 центнерді құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда өнім 25-30%-ға төмен. Бұған ауа райы, суармалы судың жетіспеушілігі әсер етті", - деді ол.
Суаруға арналған судың тапшылығын азайту мақсатында 3 жыл ішінде облыста 700-ге жуық ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр. Мұндай ұңғыманың 103-і қазірдің өзінде қолданылып жатыр.
Жаңалықтар
0