АҚШ сауда министрлігінің сайты Қазақстанда неге бұғатталды

© Sputnik / Владислав ВодневКлавиатура компьютера
Клавиатура компьютера - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2023
Жазылу
Сайтқа кіруді шектеу осы сайттан таралған фишингтік хабарламаларға байланысты, деп мәлімдеді министрліктегілер
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Фишингпен күрес аясында Қазақстанда АҚШ-тың сауда министрлігінің сайты бұғатталды, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, республиканың ақпараттық алаңына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Осы жұмыс шеңберінде фишингтік интернет-ресурстар анықталып, оларға қатысты "Байланыс туралы" заңның 41-1-бабында белгіленген тәртіппен қол жеткізуді шектеу шаралары жүзеге асырылады.
26 сәуірде 21 фишингтік ресурс, соның ішінде bis.doc.gov сайты бойынша қолжетімділікті шектеу туралы тиісті ескерту дайындалып, орындауға жолданған.
"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі Қазақстанның Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені сайттың бұғатталуына себеп болды деген мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді", - деп жазылған хабарламада.
Министрліктегілер басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп bis.doc.gov интернет-ресурсының қызметіндегі заңбұзушылықтарға қосымша тексеру жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
"Егер заңбұзушылықтар болмаған жағдайда көрсетілген интернет-ресурсты бұғаттауды жою бойынша шаралар қабылдануы мүмкін", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Жаңалықтар
0