Тоқаев Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаТокаев на коллегии МВД
Токаев на коллегии МВД - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2023
Жазылу
Тоқаев референдум арқылы жаңартылған Конституция ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналғанын атап өтті
АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Құрметті отандастар! Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын! Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз", - дейді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы былтырғы жалпыұлттық референдум еске алды. Оның айтуынша, референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі.
"Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. "Адал азамат" деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетері, кеше мейрамның алдында президент адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, Конституциялық сот қайта құрылғалы бері халықтың біраз арызы қаралды. Бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған еді. Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.
Ал халық Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге де үлес қосады.
Дегенмен, жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң президент әкімшілігіне арызданып жатады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес. Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді.
Конституция Казахстана  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2023
Бүгін - Конституция күні
Жаңалықтар
0