"Жұмыстан соң 4-5 сағат қозғалмай жатамын": Түркістан облысында ерекше кітапханашы тұрады
© Sputnik / Тимур БатыршинКітапхана. Архивтегі фото
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
Мейірхан Топанбай туа бітті сал ауруына шалдыққанына қарамастан, бірнеше тілді меңгерген, ондаған мың кітап оқыған
АЛМАТЫ, 28 тамыз – Sputnik. Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылдық округінде ерекше жан тұрады. Мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, қажырлы еңбек етіп жүр. Ол – Мейірхан Топанбай. Бүгінде отызды алқымдаған жігіт тіпті аяқ-қолы балғадай адамдардың ерік-жігері жете бермейтін биікті бағындырып жүр. Тірлігі талайға үлгі болған жанмен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.
Мейірхан Мейрамбекұлы 1994 жылы Топанбай ақсақал мен Ұлбосын ананың шаңырағында дүниеге келген.
© Sputnik / Айдана ДайыроваМейірхан Топанбай әріптесімен бірге
Мейірхан Топанбай әріптесімен бірге
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан өкінішке орай туа бітті сал ауруына шалдыққан. Бірақ оған ешқашан өкінген емес.
"Мүгедек балаға күтіммен бөлек отбасының сенімі ауадай керек. Отбасыңда "бұдан ештеңе шықпайды!", "бұл адам болмайды" дейтін болса, өте қиын. Жетістікке жететініне иланса ғана адам алға басып, бір нәрсеге жетуге ұмтылады. Маған да басында қиын болды. Ата-анамның қолдауы арқасында қиындықтан өттім. Аяқ киімімнің бауын да әлі күнге анам байлап береді. Киіндіріп, тамағымды пісіріп беріп тұрады. Анама үлкен ауыртпалық болдым. Әкем, анам, әжем төртеуміз не түрлі сыннан өттік. Талма ауруынан көзімнің көру қабілеті кеміген кезде де осы төртеуміз сынақтан шығу үшін жол іздедік. Жеті жыл бойы көзім көрмей қалды", - дейді Мейірхан Мейрамбекұлы.
Мейірханды анасы орта жасқа таяғанда өмірге әкеліпті. Өмір есігін ерекше болып ашқан баланы отбасы мейірімге бөлеген. Қазіргі күні Мейірхан – кітапханашы. Бірнеше тілді меңгерген, ондаған мың кітап оқыған.
"Мен үшін тіл үйрену – өзімді бір нәрсеге алдандырудың жолы. Олай жасамасам, мен үшін бәрі ауыр болар еді. Бойымдағы дертті ұмытып, өзімді адам сезінудің жалғыз жолы осы – тіл үйрену. Мен әр сөздің мағынасына бала кезден мән беріп қарап, әр тілдегі ең ғажап деген сөздерді үйренуді әдетке айналдырдым. Өзімнің жүрегіме ана тілімнен кейін ең жақын тілдер – түрік, испан, француз тілдері. Тіл үйренуді алданышқа айналдыру арқылы көп дос таптым. Өзімді таптым. Сыйлас адамдарымның саны көбейді", - дейді Мейірхан.
Оған жол көрсетіп, бұлақтың көзін ашқан ұстазы – академик Рабиға Қуатбекова.
"Ұстазым: "Мейірхан, сенің адамдығыңды айшықтап тұрған нәрсе - адалдығың мен адамға деген махаббатың. Сол қасиетің тіл үйренуіңе де себепкер сияқты. Жолыңда жақсы адамдар кездесіп, үлкен-үлкен есіктер ашылатынына сенімім зор. Тілдің киесін ұғынып, өзіңді тіл ғылымына арнағаныңа шын жүректен қуанамын!" – дегенде еріксіз көңілім босап, ерекше қанаттандым. Анама бала күнімнен осы жолға бағыттағаны үшін разы болдым. Анам мені "Адам" болады деп үміт етті. Күнде он минуттан өзім білетін әр тілден өлең оқитын әдетім бар. Әр оқыған өлеңімді қойын дәптерге қазақшалау арқылы өз санамды жаттықтырамын", - дейді Мейрамбекұлы.
"Әкем мені емдетемін деп 75 жасқа дейін жұмыс істеді"
Мейірханның жанына қуаныш сыйлайтын бір нәрсе болса, ол – жұмысы.
"Жұмысым жанымды жадыратады. Жұмыс істемесем, менің дәрімді анам мен әкем зейнетақысынан әперер еді. Жанымды ауыртатын нәрсе – әкем мені емдетемін деп жетпіс бес жасқа дейін Шымкент қаласында күзетші болып қызмет етті. Еңбекке араласып, әкемді зейнет жасында жұмыстан босатпасам болмады. Шарасыздықтан таяқпен жүріп, нан табуға тиіс болдым. Талмаға ішетін Осполат таблеткасын, мойнымның ауруын басатын дәрілерді үнемі өз қалтамыздан сатып аламыз. Алмасам болмайды. Мойным үнемі ауырып тұратындықтан, жұмыстан соң төрт-бес сағат қозғалмастан жатамын", - дейді кітапханашы.
Мейірханның айтуынша, мүгедек адамдардан қоғам іргесін аулақ салады, ал жұмыс берушілер маңына жолатқысы келмейді.
"Біздің қоғам мүгедек азаматтарға не аяп қарайды, не масыл деп ойлайды. Мүгедек азаматтарды жұмысқа алудан көп жұмыс берушілер қашады. Өйткені мүгедек жанның қолынан ештеңе келмейді деп ойлайды. Мәселесі көп адаммен проблемаға тап болармын деп қауіптенеді. Алайда мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту қажет. Онсыз біз қоғамда ізгілендіре алмаймыз. Жыл өткен сайын әр түрлі себептермен мүгедек балалар өмір есігін ашуда. Мені жұмысқа алып, маған мүмкіндік сыйлаған Түлкібас ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Мақұлбек Амановқа, Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Қамар Кенжебаеваға ризамын. Менің кітапханашы болуымды өмірде үш адам тілек етті. Олар – мен оқыған М. Лермонтов атындағы мектептің директоры болған Махан Тұрғынбаев, академик Әбдімұса Қуатбеков, Мырзагелді Кемел атам", - дейді ол.
Мейірханның пікірінше адамды адам ететін – кітап.
"Бүгінгі қоғамда "кітап қажет емес", "кітапхана қажет емес" дейтіндер көп. Қажет еместің соңы неге апарады? Тоқырауға, адами құндылықтардың құнсыздануына апарады. Телефон кітап бола алмайды. Кітап оқымаған адамнан ұлы істер күту бекер. Телефондағы ақпарат тек жаттанды. Техниканың отаны - Жапония мен Германия неге кітаптан бас тартпай отыр? Олар жаңа технологияның қағаз кітапты алмастырмайтынын медициналық тұрғыдан зерделеп біліп, қағаз кітапты оқудың денсаулыққа пайдасын санамалап көрсетіп отыр", - дейді Мейірхан Топанбай.
Мейірханның ең жақсы ермегі - күнделік жазу. Оны нағашы әжесі Жұмаш апа үйреткен екен.
"Жұмыста өзімді мүгедек адаммын деп сезінбеймін"
"Ұжым – кез келген маманның екінші отбасы" дейді Мейірхан. Тастұмсық ауылындағы кітапхана мамандары Мейірханға ерекше мейіріммен қарап, еңбек жолына жетектеген.
"Жұмыста өзімді мүгедек адаммын деп сезінбеймін. Бәрі тең. Олар істеген жұмысты ел қатарлы істеймін. 2019 жылы Жаскешу ауылдық мәдениет үйіне ұйымдастырушының көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Басшымыз Гүлзат Керимова маған барлық жағынан қолдау көрсетті. Жұмыста өз отбасыңдағыдай жанашыр адамдар болмаса, ісің өнбейді. Кемшілігіңмен қабылдап, қолдау көрсетпеген жағдайда ол ортада өзіңді таба алмайсың. Қасымдағы әріптесім Гүлазима Құлажанқызы мен М. Лермонтов ЖОМ-ның кітапханашылары – Маргүл Бекетбаева мен Айгүл Әбдірахмановамен кітапті жиі талқылаймыз. Оқырмандарға кітап оқуды насихаттаймыз. Ауылдық округтегі төрт мектептің кітапханашылары татумыз. Аман Құндызай, Ғаухар Кәрім, Тамаша Османов сынды әріптестерім туралы айтпасам адамдығыма сын. Өйткені олар мені өздерімен тең көреді", - дейді Мейірхан Топанбай.
Мейірхан өтірік айтқанды ұнатпайды. Кейіпкеріміздің бала күннен бойына сіңірген ең жақсы қасиеттерінің бірі – тек шындықты айту, кісі көңіліне қаяу салмау. Кітапхана мен кітаптан бос уақытында қолөнермен де айналысады.
© Sputnik / Айдана ДайыроваМейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
1/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
© Sputnik / Айдана ДайыроваМейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
2/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
© Sputnik / Айдана ДайыроваМейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
3/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
© Sputnik / Айдана ДайыроваМейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
4/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
1/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
2/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
3/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
4/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Мейірхан жұмыстан бос уақытында қолөнермен де айналысады
"Арманым – адал жар табу"
"Бұйырса, өз теңімді тапсам деймін. Өзіңді тәніңдегі дерт үшін кем көрсең, кемдік басыңнан кетпейді, азабың азаймайды. Өзіңді шыға алмайтын түпсіз терең құрдымға тастайсың. "Өмірде өз теңін табу - жан үндестігі мен тән қалауының орындалуы" деген Анна Ахматова. Табу-таппау – жазмыш. Бірақ адам өз жүрегінің құлы. Үнемі сұлулыққа, тазалыққа ұмтылады да тұрады", - дейді Мейірхан.
Қазіргі күні рухани дағдарыс көп, адамдар керексіз ақпаратқа уақытын кетіреді дейді кейіпкеріміз.
"Жаппай жер бетінде технология дамыған сайын адамдар рухани дағдарысты кешіп жатыр. Ол дағдарыс уақытты құр өткізіп, өзін болмайтын бір дүниелерге арнауға себеп. Жапондар:"Бір аптам –бір кітап" деген ұстаныммен қандай үлкен жаңалықтар ашып жатыр. Бізге де осы жолға түсу керек. Әлеуметтік желіден пайда табуға болады. Әлеуметтік желіге байланып ауру болып қалуға да болады. Авар халқының: "Пайдалының да бір зияны бар" деген сөзі осы бүгінгі құр уақытын әлеуметтік желіге арнайтындарға арнап айтылғандай. Кітап оқудан пенде баласы зиян көрмейді. Ең бастысы дұрыс ойлана білетін болады. Дұрыс ойлау – дұрыс істің түп негізі. Оқу мәдениеті адамның өмірінде үлкен жетістіктерге жетуге, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді.
"Кітап оқып байып кетесің" дей алмаймын. Ол – өтірік. Дегенмен оқыған адам жерде қалмайды. Қытай халқының "Кітап - уақытыңды арнағаның үшін өкінбейтін жалғыз нәрсе" дегенінен-ақ үлкен ой түюге болатын шығар", - дейді Мейірхан Топанбай.