БРИКС саммитінің қорытындысы: тағы алты мемлекет ұйымға шақырту алды

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуФлаги стран БРИКС
Флаги стран БРИКС - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.08.2023
Жазылу
АСТАНА, 24 тамыз – Sputnik. Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласында өткен БРИКС саммитінде ресми өтініш жолдаған мемлекеттер ішінен алты ел ұйымға шақырту алды, деп жазды РИА Новости.
"БРИКС елдерінің басшылары бірлестікке алты жаңа елді шақыруға келісті", - деді Йоханнесбургте өткен саммитте сөйлеген Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса.
"Біз Аргентина, Мысыр, Эфиопия, Иран, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері елдерін БРИКС-ке толыққанды мүше болуға шақыру туралы шешім қабылдадық", - деді ол.
Айта кету керек, жаңа елдердің толық мүшелігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Саммитке қатысқан БРИКС елдерінің көшбасшылары жаңа мемлекеттердің мүшелігін қолдады. Қытай төрағасы Си Цзиньпин БРИКС-тің кеңеюіН тарихи оқиға деп атап, бұл бірлестікке мүше елдердің дамушы елдермен ынтымақтастыққа деген ынтасын көрсететінін айтты. Ал Ресей президенті бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдай оңай болмағанын және осы орайда оңтүстікафрикалық әріптестер ауқымды жұмыс атқарғанын еске салды.
БРИКС саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер әлеуеттерін біріктіру керек екенін айтты.
"ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. "БРИКС Плюс" аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша серіктестерді "Солтүстік-Шығыс" пен "Шығыс-Батыс" көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Жалпы Йоханнесбургтегі саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияға сәйкес БРИКС елдері Украинадағы қақтығысты диалог пен дипломатия арқылы, соның ішінде Африка елдерінің бастамасымен бейбіт жолмен шешуді жақтайды.
"Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясын қоса алғанда, тиісті форумдарда айтылған Украинадағы және оның айналасындағы қақтығысқа қатысты ұлттық ұстанымдарымызды еске салғымыз келеді. Біз қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған бітімгерлік ұсыныстарды ризашылықпен қабылдаймыз. Соның ішінде африкалық көшбасшылардың бейбітшілік миссиясы және бейбітшілікке жетудің ұсынылған жолы да жоғары бағаланады", - деп жазылған декларацияда.
Сонымен қатар жарияланған декларацияда БРИКС елдерінің басшылары дамушы елдерді халықаралық ұйымдарға көбірек қатысуға шақыратыны да көрсетілген.
Йоханнесбургте өткен БРИКС саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған декларация БРИКС елдерінің көшбасшылары халықаралық құқыққа, соның ішінде БҰҰ Жарғысында бекітілген қағидаттарға адал екенін тағы да растады.
"Біз халықаралық құқық мәселесінде инклюзивті көпжақтылыққа және оны қолдауды, сондай-ақ БҰҰ Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды, сондай-ақ БҰҰ-ның халықаралық жүйедегі орталық рөлін қолдауға мүдделі екенімізді растаймыз", - делінген құжатта.
Жалпы саммит қорытындысы бойынша БРИКС елдері халықаралық саудада, сондай-ақ бірлестік елдері арасында ұлттық валюталарды пайдалануды қолдайтыны көрсетілген.
"Біз БРИКС шеңберінде де, сауда серіктестерімен де халықаралық сауда және қаржылық операцияларда ұлттық валюталарды пайдалануды ынталандырудың маңыздылығын атап өткіміз келеді", - деп жазылған декларацияда.
Қабылданған декларация мәтініне сәйкес, БРИКС көшбасшылары дамушы әлемге теріс әсер ететін біржақты шараларды қолдануға алаңдаушылық білдірді.
"Біз БҰҰ Жарғысының қағидаттарына қайшы келетін және жағымсыз салдарға әкелетін, әсіресе дамушы елдерде біржақты мәжбүрлеу шараларын қолдануға алаңдаушылық білдіреміз. Біз неғұрлым тиімді, демократиялық және есеп беретін халықаралық және көпжақты жүйені ілгерілету арқылы жаһандық басқаруды нығайтуға және жетілдіруге қатысты өз ұстанымымызды растаймыз", - деп көрсетілген құжатта.
Сонымен қатар, декларацияда қақтығысты бастан өткізген елдерге көмек көрсету, ғарыш саласындағы агенттіктердің ынтымақтастығын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту секілді мәселелер де қамтылған.
22-24 тамызда Йоханнесбургте өтіп жатқан БРИКС саммитіне Қытай, Үндістан, Бразилия және Оңтүстік Африка, Ресей басшылары қатысты.
Жаңалықтар
0