БРИКС саммиті: тараптар қандай мәселені талқылады

© Sputnik / Mikhail Klimentyev / Медиабанкке өтуПрезидент РФ Владимир Путин в режиме видеоконференции принимает участие в неформальной встрече лидеров стран БРИКС
Президент РФ Владимир Путин в режиме видеоконференции принимает участие в неформальной встрече лидеров стран БРИКС - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2023
Жазылу
АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласында өтіп жатқан БРИКС ұйымының кеңестілген құрамындағы саммитінде тараптар әлемдік тәртіптің жаңа қағидалары, ұйымды кеңейту алғышарттары мен болашақтағы нығаю жоспарларын жан-жақты талқылады, деп жазды РИА Новости.
Саммитте Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса БРИКС елдері "Жаһандық Оңтүстіктің" мүдделерін де ілгерілетуі керек екенін айтты.
"БРИКС елдері жаһандық оңтүстіктің мүдделерін алға тартып, өнеркәсіптік дамыған елдерді климат саласындағы іс-қимылдарды қолдау жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға шақыруы керек", - деді Рамафоса.
Сонымен қатар Сирил Рамафоса БРИКС елдері сауда мен инвестицияда ұлттық валюталарды пайдалану шараларын талқылауды жалғастырып жатқанын да айтты.
"Біз ұлттық валюталарды пайдалануды ұлғайту арқылы сауда мен инвестиция ағынын жеңілдету бойынша тәжірибелік шараларды талқылауды жалғастырып жатырмыз", - деді Рамафоса БРИКС саммиті барысында.
Оңтүстік Африка президенті бұл мәселе бойынша алдағы уақытта БРИКС елдерінің қаржы министрлері арасында талқылаулар өтуі керектігін баса айтты.
Ал Ресей президенті Владимир Путин БРИКС елдері БҰҰ Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары сақталатын көпполярлы тәртіпті қалыптастыруды қолдайтынын мәлімдеді.
"Біз барлығымыз бірауыздан БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарын, оның ішінде егемендік құқығын және әрбір халықтың өз даму үлгісіне деген құқығын құрметтей отырып, шын мәнінде әділ және халықаралық құқыққа негізделген көп полярлы әлемдік тәртіпті қалыптастыруды қолдаймыз", - деді ол БРИКС елдері басшыларының кездесуінде.
Ол логистика мәселелерімен айналысатын БРИКС аясында көлік жөніндегі тұрақты комиссия құру қажеттігін айтты.
"БРИКС жаңа тұрақты және қауіпсіз көлік бағыттарын құруды маңызды деп санайды. БРИКС аясында "Солтүстік – Оңтүстік" мәселесімен ғана емес, сонымен қатар кең ауқымда логистикалық және көлік дәліздерін дамыту мәселелерімен айналысатын көлік жөніндегі тұрақты комиссия құрудың уақыты келді деп санаймыз", - деді ол саммитте сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Владимир Путин БРИКС елдерін ұлттық валютадағы есеп айырысуды кеңейтіп, банкаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Ол БРИКС зерттеу инфрақұрылымдарының ғаламдық желісі бастамасы аясындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігін және ол зерттеулерді қаржыландырумен белгілі бір қор айналысуы дұрыс болатынын айтты.
Владимир Путин БРИКС саммиті келесі жылы қай қалада өтетінін де жария етті.
"Келесі жылы БРИКС-ке Ресей төрағалық етеді. Біз 200-ге жуық саяси-экономикалық және әлеуметтік шараларды жоспарлап отырмыз, оған Ресейдің оннан астам қаласы қатысады. Сонымен бірге жоғары деңгейдегі БРИКС саммитін 2024 жылдың қазан айында Қазан қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Путин.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва БРИКС-ке мүше мемлекеттерге арналған валюта құру одақтың әлсіздігін азайтады деді.
"БРИКС елдері үшін біздің сауда аударымдары мен инвестициялар үшін ортақ жарамды валюта құру біздің төлем опцияларымыздың санын көбейтеді және әлсіздігімізді азайтады", - деді ол.
Ол БРИКС-тің құрылуына серпін болған себептер мемлекетттерді көпполярлы, әділ және инклюзивті халықаралық тәртіп құруға шабыттандыратынын айтты.
Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин БРИКС елдері экономикалық шектеулерге қарсы тұруы және іскерлік ынтымақтастыққа назар аударуы керек екенін мәлімдеді.
"БРИКС елдері даму жолында әріптес болуы керек, олар шектеулерге бірге қарсы тұрып, экономикалық мәжбүрлеуге қарсылық танытуы және іскерлік ынтымақтастыққа назар аударуы керек", - деді ол Йоханнесбургте өткен БРИКС саммитінде.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди БРИКС елдерінің басшыларын ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, оны зерттеу үшін консорциум құруға шақырды.
"Біздің тығыз ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейту үшін мен сіздерге бірнеше ұсыныстарды баяндағым келеді. Оның біріншісі – ғарыш саласындағы ынтымақтастық. Біз қазірдің өзінде спутниктер тобын құрумен айналысып жатырмыз. Біз бүкіл әлемнің игілігі үшін ғарышты игеру және ауа райын бақылау сияқты салаларда толыққанды ғарышты зерттеу консорциумын құруды қарастыра аламыз", - деді Моди БРИКС көшбасшыларының саммиті кезінде.
БРИКС құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканы Республикасы кіреді. Дегенмен жақында 23 мемлекет, оның ішінде Аргентина, Иран, Алжир, Тунис, Түркия, Сауд Арабиясы және Мысыр сияқты мемлекеттер экономикалық блокқа қосылуға ниет білдірді.
Жаңалықтар
0