Түркістан облысында бір әулеттің 11 адамы суға кетті: сегізінің денесі табылды

© Photo : Otyrar.kzСырдарья
Сырдарья - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.08.2023
Жазылу
Шомылуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен
АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Кеше Түркістан облысы Отырар ауданы Сырдария өзенінің жағасына бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшесі демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар депаратаменті.
Департаменттің мәліметінше, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Шомылуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ауы – ересектер. Олар Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында тыйым салынған жерде шомылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары алдымен судан 6 мәйітті шығарды. Кейіннен сағат 21:00-де жағадан 30 метр қашықтықта бір адамның денесін тапты. 22:50 тағы бір адамның мәйіті жағадан 6 метр қашықтықтан табылды.
Іздестіру шараларына жалпы 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылды.
Осы уақыттағы жағдай бойынша, суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Олардың бесеуі балалар болса, қалған үшеуі - ересектер. Іздестіріліп жатқан үш адамның екеуі – жасөспірімдер. Қалған 3 адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр.
Суға батып кеткендердің барлығы – Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылды. Оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы және еріктілер барды.
Жаңалықтар
0