Атыраудағы мұнай зауытында жарты жылда 3 млн тоннаға жуық мұнай өңделді

© Photo : Пресс-служба Атырауского нефтеперерабатывающего завода Атырау мұнай өңдеу зауыты
Атырау мұнай өңдеу зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.08.2023
Жазылу
Технологиялық режимнің бұзылуы мен MАЭК апатынан болған үзілістерге қарамастан кәсіпорын жоспарды асыра орындаған
АЛМАТЫ, 18 тамыз – Sputnik. Бірінші жартыжылдықта Атырау мұнай өңдеу зауытында шамамен 2 миллион 895 мың тонна шикі мұнай өңделіп, 2 миллион 574 мың тонна тауарлық өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш жоспардан артық, деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
АМӨЗ-де зауыттың алты айдағы жұмыс қорытындысы айтылды.
Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, бірінші жартыжылдық кәсіпорын үшін қиын болған. Технологиялық режимнің бірнеше рет бұзылуы өндіріс жұмысының үзілуіне әкелді. Сондай-ақ электрмен жабдықтау проблемаларына байланысты зауыт бірнеше күн бойы жұмыс істемеді.
"Осыған қарамастан, бірінші жартыжылдыққа арналған өндірістік жоспар орындалды. Алты ай ішінде АМӨЗ-де шамамен 2 миллион 895 мың тонна шикі мұнай өңделді", - деді Мұрат Досмұратов есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, отын өндіру бөлігінде жоспар асыра орындалған.
"2 миллион 574 мың тонна тауарлық өнім өндірілді, бұл жоспарланған көрсеткіштерден 25,6 мың тоннаға артық. АМӨЗ шығаратын өнім К4 және К5 экологиялық класс талаптарына сәйкес келеді", - деді ол.
Бірінші жартыжылдықта атмосфераға 5 436 тонна ластаушы зат шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 387 тоннаға аз. Ағынды сулармен 3104 тонна ластаушы зат шығарылған, бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 73 тоннаға аз.
Кәсіпорын ең ірі салық төлеушілердің бірі ретінде қала береді. Осы жылдың алты айында АМӨЗ 72 миллиард теңгеден астам сомаға салық төледі, оның 7 миллиарды республикалық бюджетке, 65 миллиардтан астамы жергілікті бюджетке төленді.
"2023 жылдың соңында механикалық тазарту құрылыстарын жаңғырту аяқталады. Жоба Атырау қаласының атмосфералық ауасы мен экологиялық жағдайын жақсартады", – деді Мұрат Досмұратов.
Жаңалықтар
0