Дерекқор

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.08.2023
Жазылу
Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Үкімет қаулысымен осымен алтыншы жыл мерекелік дата 5 қыркүйекте тойланады. Тілдер мерекесінің тарихы туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Ата заңның 7-бабында "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі" екені жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
"Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды", - делінген Конституцияда.

Тілдер мерекесінің датасы неге өзгерді

1989 жылы 22 қыркүйекте "Тілдер туралы" заң қабылданды. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.
Алайда араға жиырма жыл салып, атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Қазақ тілінің жай-күйі

Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.
Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытады. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында осындай үш жаңа орталық ашылды.
Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында "Мемлекеттік тіл және БАҚ", "Тіл шебері", "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" байқаулары, "Мен қазақша сөйлеймін" акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар өткізіліп тұрады.
Билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан тіл саласында проблемалар әлі де жетерлік. Қазақ тілдің қолданысына байланысты даулар мен түсінбеушіліктер ара-тұра туындап жатады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөледі.
"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді", - деген еді мемлекет басшысы бір сөзінде.
Сондай-ақ президент мемлекеттік тілді меңгермеген қазақстандықтарға тіл білмегені үшін қысым жасауға болмайтынын да ескертті. Тоқаев қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды.

Тілдер күні қазақстандықтар демала ма

Қазақстан халқы тілдері күні мемлекеттік немесе ұлттық мереке емес. Кәсіби және өзге де мерекелер тізіміне кіреді. Сол себепті қазақстандықтар 5 қыркүйек күні демалмайды.
Жаңалықтар
0