ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттарын емханаға тіркеу тәртібі өзгерді

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттарын емханаға тіркеу тәртібіне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы филиалының баспасөз қызметі.
Шетелдіктер емханаға ерікті медициналық сақтандыру полисі – ЕМС немесе жүктелген медициналық сақтандыру - ЖМС келісімшарты арқылы ғана тіркеле алады. Келісімшарттар бастапқы медициналық-санитарлық көмек пен шұғыл медициналық көмек шығындарын жабуға арналған. Келісімшарт мерзімі біткен кезде мигрант медициналық ұйым тіркеуінен автоматты түрде шығарылады.
"Еңбек заңнамасына, Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, иммигранттарды емханаларға тіркеу және оларға медициналық көмек көрсету тәртібі өзгерді. Бұл өзгерістер тек Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения мүшесі болып табылатын ЕАЭО елдерінің азаматтарына қатысты", - дейді медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы филиалы.
Тіркелу үшін емхана басшысының атына қазақ немесе орыс тілінде еркін түрде өтініш жазу қажет. Өтінішпен бірге жеке куәлік (паспорт), ЕМС немесе ЖМС полисі қоса беріледі. Өтініш беруші медицина мекемесіне өз бетінше жүгіне алады немесе оны сақтандыру компаниясы тіркейді. Тіркелетін емханалар тізімі шарттың қосымшасында ЕМС немесе ЖМС-да көрсетілуге тиіс.
ЕАЭО туралы келісімшартта шетелдіктердің денсаулық сақтау саласындағы құқығы ғана емес, міндеттері де жазылған. Олардың қатарына ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден уақтылы өту, әйелдерді жүктілік бойынша уақтылы есепке қою, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және тағы басқа міндеттер кіреді.
"Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер айналаға қауіп төндіретін аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда, республиканың тұрақты тұрғындарына ғана көрсетілетін тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды", - дейді ведомство.
Ал Қазақстан азаматтары, қандастар және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгерген жоқ.
Емханалар тізімімен қордың www.fms.kz сайтындағы "Емхананы таңдау" бөлімі арқылы танысуға болады.
Жаңалықтар
0