Мәжіліс депутаты елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты екенін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2023
Жазылу
Ипотекалық және автокредиттер 25%-ға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредиттің өсімі 56 пайызға дейін барады
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Елімізде 7 миллионнан астам адамның кредиті бар. Тұрғындар банктерге 15 триллион теңге берешек. Пайызы ең аз дегеннің өзі 20 проценттен асады. Дамыған елдермен мүлдем салыстыруға келмейді, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Біздегі екінші деңгейлі банктердің пайызы жаға ұстатарлық. Негізі бәрі шамалас. 23,6%, 23,7%, 24,4%, 28,5%-ке дейін барады. Егер олар процентті төмендетсе құрдымға кетеді.
Халық банктің қамын ойлап, несие алып жатқан жоқ. Амалы болмағасын еселенген пайызы қарамастан қарызға белшеден кіріп жатыр.
Елімізде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 16.75 пайызды құрайды. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ мұндай көрсеткіш Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германияда – 3,75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% деңгейінде белгіленген.
Ал біздегі банктер неге пайызын төмендетпейді?
"Ұлттық банктің мөлшерлемесі 16-дан жоғары. Ол инфляциямен байланысты. Инфляция көтерілсе, мөлшерлеменікөтереді. Олардың қаржы саясаты осындай", - деп түсіндірді саясаттанушы Айдар Әлібаев.
Банк табыс табу үшін кем дегенде 8 пайыз қосу керек екен. Біздегі үстеменің 24-тен асып кететіні сондықтан. Экономистер пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғатынын айтып жүр. "Ипотекалық және автокредиттер 25%-ға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56 пайызға дейін көтеріп, халықты белшесінен қарызға батырып отыр" - дейді мәжілісмен.
"Елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз. 2023 жылдың 19 сәуірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кеткенін айтқан еді. Әрине, бұған үкіметпен бірге екінші деңгейлі банктер де жауапты екені анық", - дейді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Қазақстанда 7,1 миллион адам несиемен өмір сүріп жатыр. Сондықтанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болар еді.
Жаңалықтар
0