Шымкенттік ғалымдар құрғақшылықтан құтқаратын озық технологияны қолдануды ұсынды

© Photo : Рixabay / Jody Davis Құрғақшылық
Құрғақшылық - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.08.2023
Жазылу
Жоба жетекшісінің айтуынша атмосфераның төменгі қабатына әсер ету арқылы қажетті мөлшерде жауын-шашын тартуға болады
АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Шымкенттік ғалымдар ағын су тапшылығы мен құрғақшылықты жоятын инновациялық қондырғыны пайдалануды ұсынды, деп хабарлады Хабар 24.
Алтай Айнабектің айтуынша атмосфераға теріс зарядты иондарды жіберіп, ашық аспанға будақ бұлттарды жинауға болады. Нәтижесінде жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік туады.
Жоба жетекшісі - Алтай Айнабек Шымкентте қондырғыны сынақтан өткізіп, инновацияның игілігін көруге күш жұмсап жүр. Айтуынша атмосфераның төменгі қабатына әсер ету арқылы қажетті мөлшерде жауын-шашын тартуға болады.
"Жоғары көтерілетін толқын жасау арқылы антициклонды бұзамыз. Сол жерде циклон түземіз. Циклон болған жерге қысым түсіп, ылғал тартыла бастайды. Келген ылғалдан тамшылар жасаймыз", - дейді климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабек.
Жоба авторларының айтуынша климатты өзгертуге арналған технологиялық қондырғы әлем елдерінде сынақтан сәтті өткен.
"Иран, Пәкістан сынды мемлекеттердің шөлейтті аймағында жауын-шашын күткендегіден әлдеқайда артты", - дейді. Енді озық технологияны Қазақстанда сынауға мүмкіндік бар.
Түркістан облысының аумағында 579 мың суармалы алқап бар. "Қазсушар" мекемесі оның 332 мың гектарына қызмет көрсетіп, тіршілік нәрін жеткізеді. Айтуларынша аймақтағы су қоймаларында биыл қажетті мөлшерде су жиналған.
Егістік жерлерге 1,8 миллиард текше метр су беріліп, шаруашылықтарды түгел қамтыған. Алайда алдағы 7 жылда тіршілік нәрінен тарықпас үшін су көзін үнемдеп жұмсауға көшу керек.
"Біз қазірден бастап суды үнемдеу технологиясына көшуіміз керек. Оны ертеңге қалдыруға болмайды. Қазірден бастап көшсек, 2030 жылы құрғақшылыққа дайын боламыз. Соның нәтижесінде облыстағы Трансшекаралықтан келетін 12 млрд суымызды дұрыс пайдалансақ болады", - дейді "Қазсушар" РМК Түркістан ОФ директорының міндетін атқарушы Асқар Қыстаубаев.
Климаттық өзгерістерге алаңдаушылық білдірген ғалымдар да суды үнемдеу керек деп есептейді. Ол үшін Техника ғылымының докторы Нағима Жақыпбекова Армения және Грузия мемлекеттерінің профессор-ғалымдарымен бірлесіп, су көздерін цеолит қоспасымен қайта өңдеу технологиясын енгізгісі келеді.
"Суды тазалаған кезде біз оған күміс және басқа металдарды қосамыз. Сонда ол суды ішуге болады. Екіншісі Каспийдің суы тұзды дейміз. Оны 80% тазаласақ,малға беруге болады. Сонда адамдарға су үнемделеді", - деп атап өтті Нағима Жақыпбекова.
Жергілікті билік көптен бері оңтүстіктегі шаруаларға суды үнемдеу технологиясына кезең-кезеңімен көшуді ұсынып келеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер қайта түгендеуден өткізілетінін айтады. Себебі трансшекаралық "Достық" магистральдық арнасынан су алатын шаруашылықтар 274 гектарға есептелген тіршілік нәрін 2900 гектар жерге амалдап жеткізіп келеді. Мақташылардың да жан-айқайы осы. Сондықтан ағын суды реттеу тәртібі жиі бұзылады.
Жаңалықтар
0