Алматыда коммуналдық тарифтердің қымбаттауына байланысты кімдерге өтемақы төленеді
© Sputnik / Алексей Мальгавко
/ Жазылу
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Алматыда коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарына өтемақы төленеді.
Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді.
Осы мақсатқа 2023 жыл соңына дейін бюджеттен 3,3 миллиард теңге, ай сайын 544 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
"Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 315 мың азамат тұрады. Осы тұлғаларды қолдау аясында біз көтерілген тарифтерді өтеу үшін өтемақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік көмек мөлшері 0,5 АЕК-ті (1 725 теңгені) құрайды", – деді Асқар Әмрин.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, өтемақы сумен жабдықтау, су бұру, газ, жылу және тағы басқа қызметтердің 12 түрі бойынша тариф өсіміндегі айырмашылықты өтейді.
Өтемақы пәтер аумағына қарай есептеледі:
аумағы 40 шаршы метр – тариф өсімі 110% өтеледі,
аумағы 60 шаршы метр – тариф өсімі 90% өтеледі,
аумағы 70 шаршы метр – тариф өсімі 80% өтеледі.
Бұл ережелер жыл соңына дейін күшінде болады. Мұны одан әрі ұзарту Алматы қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін әзірлеу кезінде қарастырылады.
Тарифтің қымбаттауы бойынша кімдер өтемақы алады
Өтемақыға арналған құжаттарды аудан әкімдіктері мен Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қабылдайды. Төлемдер өтініш берушілердің банктегі есепшоттарына аударылады.
Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 315 430 азамат бар. Атап айтқанда:
ҰОС ардагерлері – 54 адам (0,02%);
басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер – 2978 адам (0,94%);
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер – 1538 адам (0,48%);
бірінші және екінші топтағы мүгедектер – 28 433 адам (8,9%);
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 8 591 адам (2,71%);
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар – 35 562 адам (11,2%);
мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңiстiгiне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқықтық тәртiпті қорғау кезiнде қаза тапқан (мерт болған) адамдардың отбасылары – 534 адам (0,16%);
зейнеткерлер – 237 740 адам (75,1%).
Еске салсақ, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Алматыда коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгерді. Электр энергиясын жеткізу қызметінің тарифі 1,26 теңгеге көтерілді, сумен жабдықтау қызметі тарифінің өсімі 6,4 теңгені, су бұру қызметі тарифінің өсімі 3,47 теңгені құрады.