Түркістан облысында басқарма мен мердігер соттасып жүр, ал халық ауызсусыз отыр
14:22 04.08.2023 (жаңартылды: 14:29 04.08.2023)
© Photo : Рixabay / Manfred Antranias ZimmerВедро
© Photo : Рixabay / Manfred Antranias Zimmer
Жазылу
АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында бірнеше ауыл ауызсусыз отыр. Ал суға жауапты мамандар дауласып, сотқа дейін барған. Қазғұрттың жұрты Sputnik Қазақстан агенттігіне хабарласып, шағымдарын айтты.
Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылында су шығатын жерді қазу жұмыстары басталған. Бірақ аяқталмай, сол күйі орта жолда қалды.
"Ескі машинамен келді. Сосын ол машиналары жарамай, басқа машина әкелеміз деп кетті. Сол қазба жасаған жердегі жұмысшылармен сөйлестік. 180 метр жерге барғанда су шықты, бірақ екпіні аз, тағы біраз қазамыз деді. Естуімізше бұл жерді 300 метрге дейін қазуға ақша бөлінген. Біраз терең қазылса су қоймасына түсеміз деген еді. 180 метрге жеткенде бұрғының басы сынып қалды, шығара алмадық деп осындағы жұмысшылар бәрін тастап қайтып кетті", - дейді Қақпақ ауылының тұрғындары.
Қазу жұмыстарын жасағандардың жағармайға ақшалары жетпеген деген қауесет ауыл арасында тарап кеткен.
"2022 жылы ақша бөлінген. Сол ақшалары не болды, ешкім мардымды жауап айтпайды. Кеңес үкіметі кезінде қазылған ұңғыма бар. Қазір ауыл өсіп, ол ұңғыманың су қысымы жетпейді. Әркім суды өз үйіне кіргізген. Бірақ уақытпен береді. Ауызсу бір 2-3 күнде бір келеді", - дейді тұрғындар.
Жаз басталса кенезесі кебетін жұрт кімнен көмек сұрарын білмей дал.
© Айдана ДайыроваТүркістан облысы Қазығұрт ауданында бірнеше ауыл ауызсусыз отыр
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында бірнеше ауыл ауызсусыз отыр
© Айдана Дайырова
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тілшімізге мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айтуыларынша, 9 ауылда су шығаратын орын іздеу үшін мемлекеттік сатып алу жариялаған.
"2020 жылдың 4 шілдесінде мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының 9 ауылын жерасты су қорымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары жүргізілу керек болған. Соның ішінде: Қазығұрт ауданында – Қарабау, Еңбек, Тілектес, Қазақстанның ХХ жылдығы, Қақпақ, Турбат, Өндіріс, Үшбұлақ, Айнатас-2 нысаны бойынша жеңімпаз болып "Барыс – Тассай" ЖШС анықталған", - делінген облыстық ТКШ басқармасының мәліметінде.
Осыған сәйкес, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен "Барыс – Тассай" ЖШС арасында 2020 жылдың 14 шілдесінде келісімшарт жасалған.
"Келісімшартқа сәйкес, жоғарыда аталған 9 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстары 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуға тиіс болатын. Алайда, келісімшартта көрсетілген мерзімде жоба бойынша тиісті жұмыстар аяқталмаған соң, мердігер мекемемен келісімшарт бұзылған", - дейді басқарма мамандары.
Облыстық басқарма мен мердігер арасында жанжал туындады. Мердігер мекеме атқарған жұмыстарының актісіне төлем жасау бойынша биыл 30 наурызда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағымданады. Бірақ сот істі қараусыз қалдырады.
"Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылдың 15 маусымындағы анықтамасына сәйкес, мердігер мекеме "Барыс-Тассай" ЖШС мен Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арасында сот ісін қараусыз қалдыру бойынша шешім шығарды", - дейді ведомстводағылар.
© Айдана ДайыроваТүркістан облысы Қазығұрт ауданында бірнеше ауыл ауызсусыз отыр
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында бірнеше ауыл ауызсусыз отыр
© Айдана Дайырова
Бір ғана Қақпақ елді мекенінің жерасты су қорын бекіту үшін жоба бойынша тереңдігі 275 мерлік ұңғыма бұрғылану керек болған. Ал мердігер мекеме ұңғыманы небәрі 70 метр тереңдікке дейін қазып, техникалық бағана орнатқан. Келісімшарт бұзылғандықтан, басталған іс сол күйі аяқсыз қалған.
"Қазіргі таңда, бұл жоба бойынша жаңа мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме анықталған соң, іздеу-барлау жұмыстары белгіленген тәртіп бойынша жалғасын табатын болады", - дейді басқарма мамандары.
Түркістан облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы енді жаңа мердігер іздеп жатыр. Ал бірнеше ауылдың тұрғыны болса ауызсуға зар болып отыр.