АҚШ мемлекеттік қарызының өсуінің салдары қандай

© Sputnik / Михаил Кутузов / Медиабанкке өтуДоллары
Доллары - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.08.2023
Жазылу
Әлемдегі ең ірі экономикаға ондаған жыл бойы ең жоғары кредит рейтингі беріліп келді. Бірақ бітпейтін қарыз проблемалары мен өсіп жатқан бюджет тапшылығын елемеу мүмкін болмай тұр. Fitch халықаралық агенттігі соңғы 30 жылда алғаш рет АҚШ-тың төлем қабілеттілігін төмендетті. Ақ үй қатты алаңдап отыр. Америкалықтар үшін мұның салдары қандай болатыны туралы РИА Новости жазды.
АҚШ-тың шетел валютасындағы ұзақ мерзімді эмитент дефолт рейтингі AAA-дан AA+ көрсеткішіне дейін төмендетілді. Мұндай 1994 жылдан бері болған емес.
Дербес кредит рейтингі – бұл мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға дайындығын бағалау құралы. Іс жүзінде бұл дефолт ықтималдығы болады.
AAA ерекше төлем қабілеттілігін және қарыз бойынша дефолттың ең аз қаупін білдіреді. Fitch жыл сайын АҚШ-қа осы белгіні белгіледі. Қазіргі шешім жағдайдың нашарлағанын аз да болса мойындау болып табылады.
Агенттік орасан зор қарыз жүктемесін және ықтимал қарыз алу шегінің шексіз ұлғаюын, бюджет тапшылығының артуын, рецессия мүмкіндігін негізгі себептер ретінде атап көрсетті.
Сарапшылар бұл факторлар мемлекеттің төлем қабілетті мен бюджетті бақылау мүмкіндігіне қатысты "сенімге нұқсан келтіреді" дейді.
"Рейтингтің төмендеуі алдағы үш жылда күтілетін бюджет жағдайының нашарлауын, мемлекеттік басқару секторының жоғары және өсіп келе жатқан қарыз жүктемесін және соңғы екі жылда AA және AAA рейтингтері бар басқа елдермен салыстырғанда мемлекеттік қаржыны басқару сапасының нашарлауын көрсетеді", - деп жазды Fitch.
АҚШ қаржы министрлігі бұл мәлімдемеге қатысты таңданыс білдіріп, Fitch шешімін негізсіз және өзекті емес деп атады. Ақ үй тіпті наразылық танытып, агенттік шешімімен түбегейлі келіспейтіндерін, өйткені олар "ескірген деректерді" пайдаланды деп мәлімдеді.
Бірақ сандар тіпті басқа ақиқатты көрсетіп тұр. Маусым айында ұзақ пікірталастан кейін конгресс қарыз алуды жалғастыру үшін мемлекеттік қарыз шегін жалпы ішкі өнімнің 120 процентіне дейін көтерді. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2024 жылы – 125, 2025 жылы – 129, 2028 жылы – 136 процент болады.
Екінші тоқсанда бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 8,4 процентіне жақындады. Байден әкімшілігі небәрі сегіз аптаның ішінде мемлекеттік қарызды 1,8 триллион долларға арттырды.
АҚШ тапшылықты жабу үшін көбірек қарыз алуы керек. Бірақ қарызға қызмет көрсету шығындары қазірдің өзінде 970 миллиард долларға жетті. Бұл жалпы ішкі өнімнің 3,6 проценті.
"Облигациялар бойынша проценттерді төлеуге шамамен триллионға жуық доллар жұмсалады. Жақында елде жиналған салықтың жартысына жуығы осыған жұмсалады. 2024 жылы бюджет кірісінің 15 процентін қарызға қызмет көрсетуге бағыттайды", - дейді Capital Lab серіктесі Евгений Шатов.
Жалпы ішкі өнімнің 120 процентін құрайтын қарыз салыстырмалы рейтингі бар елдер үшін орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары және бұл экономиканың әлсіздігін айтарлықтай арттырады, дейді сарапшы.
Мұның барлығы төртінші тоқсанда басталады деп болжанған экономикадағы "жұмсақ рецессияны" күту аясында болып жатыр.
Fitch осындай шешім шығаруының ықтималдылығы жоғары болатын. Мемлекеттік қарыздың шекті деңгейін көтеру туралы саяси пікірталас нақты шешім қабылдауға ықпал еткен секілді.
Қарыз алу шегін ұлғайту немесе тоқтату туралы келісімге қол жеткізе алмау АҚШ-тың міндеттемелерді уақтылы орындауға дайындығына қатысты күмән келтіреді, дейді Capital Lab мекемесінің өкілдері.
"Проблеманы шешу үшін бюджет шығынын, әсіресе әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын шығынды қысқарту, дәулеттілер мен корпорацияларға салынатын салықты көтеру, салық түсімдерін ұлғайту үшін экономикалық өсуді ынталандыру қажет. Фискалды шоғырландыру шараларының кешені бірте-бірте қарызды тұрақтандыруға және азайтуға мүмкіндік береді. Тек ешкім мұнымен айналыспайтыны белгілі", - дейді BitRiver қаржылық аналитигі Владислав Антонов.
"Альфа-Форекс" компаниясының бас директоры Гузели Проценконың айтуынша, агенттік мұндай шешім АҚШ қор нарығы мен долларға әсер етеді деп қорқып, рейтингті төмендетуді әдейі кейінге қалдырды.
Қалай болғанда да, америкалық мәселелер ұзақ уақыт бойы халықаралық агенттіктердің назарында тұр. S&P холдингі АҚШ-тың ұзақ мерзімді кредит рейтингін 2011 жылы төмендеткен. Moody's ең жоғары рейтингті ұстап отырғанымен, болжам он жылдан бері жағымсыз.
Fitch шешімінен кейін АҚШ қор нарығы құлдырады, одан кейін әлемдік қор және тауар нарықтары құлдырады. Алайда, жалпы алғанда реакция ұстамды болды.
"Доллар әлі де "қауіпсіз валюта" мәртебесін сақтап тұр. АҚШ-тың кредиттік рейтингі мен әлемдегі ең ірі экономикадағы мөлшерлемелер бүкіл әлемдегі инвесторлар үшін баяғыдай негізгі бағдар болып қала береді", - дейді Евгений Шатов.
Дегенмен бұл институционалдық инвесторлар үшін өте жағымсыз белгі. Енді АҚШ-тың дербес қарызына салынған инвестициялар қауіпсіз болып саналмайды.
Жаңалықтар
0