Мемлекетке қандай кен орындар қайтарылды

© Sputnik / Евгений Епанчинцев / Медиабанкке өтуМесторождение, архивное фото
Месторождение, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.08.2023
Жазылу
АСТАНА, 3 тамыз – Sputnik. Қазақстанда алтын, көмір, темір, мыс және тағы басқа кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
Үкімет шарт талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Талдаудың нәтижесінде уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар (ПҚҚ) бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды.
"Осылайша, алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және тағы басқа кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады. Бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді", - делінген ресми хабарламада.
Қазірдің өзінде 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша бюджетке 1,5 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 млрд теңгеден асады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукционға барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Оларды өткізу туралы ақпарат міндетті түрде республикалық мерзімді басылымдарда және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
Ал уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл сала алады. Мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 млн теңге айыппұл өндірілді (2023 жылдың басынан бері 603 млн теңге), сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,94 млрд теңге берешек өтелді.
Жаңалықтар
0