Алматыда бес адамды атып өлтірген Дужновтың отбасы үйден шығарылды

Игорь Дужнов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың даулы үйін сот орындаушылары ақыры күшпен тартып алды. "Үйді бермеймін" деп байбалам салған қылмыскердің әйеліне бұл жайында бір апта бұрын ескертілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Сот орындаушылары арнайы жасақты алып қанды оқиға болған үйге тағы барған. Бұл жолы есікті бұзып, ішке кіре алды. Сот қаулысын орындауға келгендер үйді толықтай тінту кезінде қару табылғанын айтады. Сол себепті таңнан бері үйдің маңайына жан баласын жақындатқан жоқ.
Ал бір ай бұрын "өзімді өртеймін" деп байбалам салып, сот орындаушыларын қуып шыққан Дужновтың жұбайы үйге өзі кіре алмай әлек.
"Осыдан бір ай бұрын 13 қыркүйекке дейін ешкім мені орнымнан қозғамайтындығы айтылған еді. Сол уақытқа дейін құжаттарды реттеп сотта да, қылмыстық істе де үйдің менікі екенін дәлелдеймін деп отырғанмын. Қазір іште сіңілім қалды. Барлық менің жеке дүниені далаға шығарып тастап жатыр екен", - дейді Анаида Демирчян.
Соттың қаулысын орындауға келген мамандардың жанында арнайы жасақ жүр. Өрт сөндірушілер, жедел жәрдем де осында.

Жеке сот орындаушы Дужновтың отбасын бұған дейін 5 рет шығаруға әрекеттенген. Бір ай бұрын үйге ешкімді кіргізбеген Анаида Демирчян "үймен қоса өзін де өртеп жіберемін" деп сес көрсеткен болатын. Сол себепті іс кейінге қалдырылып келді.
"Сот шешімімен үйден мәжбүрлі түрде шығару жүріп жатыр. Үйді толық босатқаннан кейін иелеріне береміз", - дейді сот орындаушысы Алмасбек Елтоқов.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2021 жылдың қыркүйек айында болған еді. Игорь Дужнов сот қаулысын орындауға келген 5 адамға аңшы мылтығымен оқ жаудырды. Салдарынан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты.
Қаскөйге өмірі бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, қазір қауіпті қылмыскерлерге арналған "Қара бүркіт" түрмесінде отыр. Ал жұбайы қанды оқиғаға себеп болған Ақбұлақ ықшамауданындағы үйді 2 жылдан бері босатпай жүрген болатын.
Игорь Дужнов в суде - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.04.2022
Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов соттағы соңғы сөзін айтты
Жаңалықтар
0