9 балдық дүмпуге төтеп берді: Алматыда көпқабатты үйде сынақ жүргізілді

© PhotoАлматыда көпқабатты үйде сынақ жүргізілді
Алматыда көпқабатты үйде сынақ жүргізілді - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Алматыдағы 14 қабатты тұрғын үй кешеніне вибродинамикалық және статикалық сынақ жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары сейсмикалық қауіпті аймақтағы көпқабатты монолитті үйдің құрылыс ерекшелігін бағалады.
Айта кетері, сейсмикаға төзімді құрылыс талаптарының ережелеріне сәйкес ғимараттар мен құрылыс нысандарының жаңа конструктивті жүйелері, сондай-ақ жаңа материалдары мен конструкциялары жаппай қолданылғанға дейін тиісті тексеруден өтуге тиіс.
"Аталған сынақ бірнеше кезең бойынша өткізілді. Әр кезең сайын тұрғын үйге түсетін жүктеме арта берді. Нәтижесінде салынып жатқан ғимарат 9 балдық дүмпуге төтеп берді", - деп жазылған хабарламада.
Оның барысын сарапшылар, БАҚ өкілдері, инженерлер мен құрылысшылар бақылап отырды. Сынақ жұмыстарын жүргізбес бұрын институт мамандары осы жобаның есептік деректерін мұқият зерттеді.
"Біздің міндетіміз ғимараттың динамикалық өлшемдерінің нақты мәндерінің (тербеліс кезеңдері мен формалары) есептік көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау және қазір қолданылып жүрген нормативтік деректермен салыстыру. Мұндай сынақ қолданыстағы стандарттардың дұрыстығын бағалауға мүмкіндік береді және осындай жағдайды ескеріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге септігін тигізеді. Бүгінде Қазақстанның құрылыс нормалары басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы", - деді Жоғары қабатты ғимараттардың сейсмикаға төзімділігі зертханасының меңгерушісі Жасұлан Омаров.
Мұндай вибродинамикалық сынақ күш әсерінің әртүрлі деңгейлерінде дизайнның жобалық схемасын анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0