ХҚКО-дағы кезекті тағы бір қосымша арқылы брондауға болады

CC0 / / Иллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Қазақстанда ХҚКО-дағы кезекті онлайн брондау қызметі банк қосымшасына енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.
Halyk Bank қосымшасында ХҚКО-ға кезекті брондап, QR арқылы цифрлық талон алуға болады. Ол үшін "Мемлекеттік қызметтер" бөліміне кіріп, "ХҚКО-ға кезекті брондау" батырмасын басу қажет. Әрі қарай қосымша арқылы қаланы, ХҚКО-ның мекенжайын, сондай-ақ, келу мақсатын белгілеп, келу күні мен уақытын таңдауға болады. ХҚКО-ға келген қызмет алушы қабылдау үстелінде орналасқан QR-ды сканерлеп, электронды цифрлық талон ала алады.
Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, ХҚКО-ға келушілер тарапынан электронды кезектің талоны кейде дұрыс берілмейтініне қатысты шағымдар жиі түседі.
"Енді осы мәселені жою мақсатында біз кезекті брондаудың балама әдісін ойластырып, талон алуға кепілдік беретін жобаны іске асырдық. Сонымен қатар жыл басынан бері 600 мыңнан астам азамат бронь бойынша ХҚКО-ға жүгініп, қағаз талондарын алған. Енді қағаз талондардың орнына, азаматтар ХҚКО қызметкеріне өзінің смартфонындағы электронды талонды көрсету арқылы қызмет ала алады", - дейді Әбділдин.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері ХҚКО–ларға 6 миллионға жуық адам жүгінген. Олардың 10 проценті кезекті алдын ала брондаған.
Айта кетері, осы қызметті 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы, ЕgovKzbot2.0 телеграм-ботта, сондай-ақ "Мобильді ХҚКО", "eGov mobile" қосымшалары және электронды үкімет порталы арқылы пайдалануға болады.
Жаңалықтар
0