Африкалық диқан Қазақстанда "тәтті картоп" өсіріп жатыр – видео

© Sputnik/Ляля ЛиловаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Африкалық азамат Қазақстанда баламасы жоқ ерекше көкөніс өсіріп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Тиедиугу Кулибали – Мали елінің азаматы. 1987 жылы білім іздеп Орта Азияға келген. Содан бері Қазақстанда еңбек етеді. Оның айтуынша, Африкада наннан кейінгі тағам саналатын батат біздегі картопқа ұқсайды. Пісірілу тәсіліне байланысты дәмі де өзгеріп отыратын көкөністен сорпа, ботқа мен суфле жасауға болады.
"Неге осы істі жолға қойып, бизнес көзіне айналдырмасқа деп ойладым. Өйткені қазақстандықтар бататты Қытай мен Үндістаннан қымбат бағаға сатып алады екен. Ал оның пайдасы көп. Тропиктік өсімдік болғанымен, жақсы жағдай жасалса климаты қоңыржай аймақта да өсіруге болады", – дейді шаруа Кулибали.
Тиедиугу өсіріп жүрген көкөніске құнарлы топырақ пен су болса жеткілікті. Бататтың өзі химиялық қоспаға төзімсіз келеді, ол – экологиялық таза өнім. Бұл картоптың баламасы, бірақ денсаулыққа тигізер оң әсері көп. Оны диетологтар да растап отыр.
"Батат – салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін таптырмас өнім. Оның салмақты бір қалыпта ұстап тұруға көмектесетінін бәрі біледі. Ал одан бөлек, қант диабеті асқынған адамдар мен инсулин көп бөлінетін ағза үшін бұл көкөніс аса пайдалы. Батат семіздікке де жақсы көмектеседі. Оны кәдімгі картоптың орнына қорықпай-ақ пайдалана беруге болады. Әрі көкөністің құрамында әдеттегі картоп түйнектерімен салыстырғанда көмірсулар, темір және калий көп", – деп атап өтті диеотлог-терапевт Алмагүл Ержекенова.
Тиедиугу Кулибалиды жергілікті тұрғындар "Джон" деп атап кеткен. Кулибали тағы бір дақылдың ерекше сұрпын елге әкеліпті. Ол - Қазақстанда баламасы жоқ үрмебұршақ түрі. Оның ерекшелігін гүлінің түсінен-ақ байқауға болады.
"Ұрығы 3 сантимерге дейін баратын көкөніс сорпаға ерекше дәм береді", - деді Джон мырза.
Батат қыркүйек айында өнім береді. Биыл шамамен жарты тонна көкөніс алуды жоспарлап отырған шаруа егін бітік шықса, нарықтағы бағамен сатамын дейді.
Жаңалықтар
0