Талғарда жолды өз күшімен кеңейткен зейнеткерге айыппұл салынды

© Sputnik/Ертай СарбасовАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Алматы облысында үйдің жанынан өтетін жолды жөндеген зейнеткерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының 67 жастағы тұрғыны тар көшені кеңейтпекші болды. Бірақ жергілікті билік оны заң бұзды деп, 70 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиевтің айтуынша, зейнеткер әйел өз әрекетімен инфрақұрылым нысандарын бұзып, жасыл желектің зақымдаған.
"Әкімдік қызметкерлері бұл кісіге ауызша ескерту жасайды. Бірақ бұл кісі көнбегендіктен, келесі күні біз жергілікті полиция қызметкерін жібердік, айыппұл салынды. Сондай-ақ газ құбырын темірмен көтерген", – дейді Дәулетәлиев.
Оның сөзіне қарағанда, Қарабұлақ халқынан жолды кеңейтуге қатысты өтініш түспеген. Ондай ұсыныс болса, іске асыруға болады.
Алайда қарабұлақтықтар өзара жиналыс өткізіп, көпшілік "жолды кеңейту қажет" деген ұйғарымға келген. Сол жерде қол жинап, хаттаманы жергілікті әкімдікке тапсырған көрінеді. Бірақ құрылыс жұмыстары басталғанда учаскелік полиция келіп, белсенді тұрғынның біреуіне әкімшілік айыппұл салып кеткен.
Тар көшенің бойымен жүйткіген көлік те, ойнақ салған бала да, жасы келген қария да қатар жүруге мәжбүр. Мұнда жол апаты да жиі тіркеледі екен. Сондықтан жергілікті белсенді тұрғындардың бастамасымен жолды кеңейтпек болған.
"Көшеміз өте тар. Мен мұнда жиырма жылдан бері тұрамын. Бұрын көлік сирек еді. Ал қазір ары-бері қатынайтындар өте көп. Жақын маңда мектеп бар, балаларға да қиын. Қыста абайсызда аяқтары тайып, көлік қағып кете ме деп тағы алаңдаймыз. Сондықтан көшемізді кеңейткіміз келген. Көршіміздің ешқандай кінәсі жоқ. Тек игі іс жасаймын деген ойы болған. Бірақ айыппұл арқалап қалды ", – дейді ауыл тұрғыны Ольга Кукличева.
Алайда көршісін жақтағандардан бөлек, даттағандар да табылды. Олардың сөзіне сенсек, зейнеткер жергілікті билік өкілдерінің халық үшін атқарған ісін үнемі жоққа шығарып отырады.
Жаңалықтар
0