Жыл басынан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5%-ке өсті

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі 5%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осы жылғы 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектор – 4,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 4,9%-ке өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсім көрсетті", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсім қарқыны 13%-ті құрады.
Инвестиция ағыны көлік және қоймалауда – 56,8%-ке, саудада – 32,2%-ке, ауыл шаруашылығында – 22,1%-ке, білім беруде – 21,5%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 11,4%-ке артты.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында байқалды.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сауда тауар айналымы 8%-ке өсіп, 55,8 млрд долларды құрады. Экспорт 31,6 млрд доллар болды. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ке ұлғайып, 10,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 24,2 млрд долларды құрады.
Жалпы, оң сауда балансы 7,4 млрд долларға тең.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,5%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 28,8%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 40,1%-ке және электр жабдықтарын жасау – 34,9%-ке өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,7%-ке жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ке, газ өндіру – 2,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 17,4%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 3,2%-ке ұлғайды.
Сондай-ақ биыл қаңтар-маусымда 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,8%-ке жоғары.
Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында байқалды.
Жаңалықтар
0