Жамбыл облысында найзағайдан бір үйір жылқы қырылып қалды

CC0 / / Архивтегі фото
Архивтегі фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында найзағай түсіп, бір үйір жылқы қырылып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Бұл оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы таулы аймақта Тереңөзек ауылына жақын жерде болған.
Шығынға батқан шаруалардың бірі Нұрболат Мырзақұлов 20 жылдан бері бақша егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Осыдан 2 жыл бұрын 3,5 миллион теңге кредит алған. Ол ақшаға жылқы сатып алыпты. Бірақ оқыс оқиғадан 10 жылқысы өліп, қорасы қаңырап қалды.
"Кепілге мына таудағы фазендадағы үйімді қойдым, жүгіріп жүріп ақшаны алдым. Сөйттім де, мал алдым. Ойда жоқта айырылып қалдым. 5 миллион шығынға ұшырадым. Енді қарызды қалай төлейтінімді білмеймін. Ауылдағы үйімнен айырылып қалсам, мына бала-шағаммен қайда барамын", - дейді Мырзақұлов.
Нұрболатпен қоса ауылдағы 7 үйдің 26 бас жылқысын найзағай сұлатып түсірген. Өлген малдың құнын кімнен дауларын білмей басы қатқан тұрғындар аудан әкімдігінен көмек сұрап отыр.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, ресми төтенше жағдай жарияланған жағдайда және мал арасында жаппай ауру тараған кезде шығындар мемлекет тарапынан өтеледі. Ал осы жолғы жағдайды терең зерделеу керек. Аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
Жаңалықтар
0