4 проценттік автокредит: банктер "жоғары жақтың" шешімін күтіп отыр

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Қазақстанда өнеркәсіпті дамыту қоры жүргізген 4 проценттік автокредит бағдарламасы аясында өңірлерге автобустарды сатып алуға шешім қабылданды. Алайда Қазақстанның даму банкі бастаған жеңілдетілген автокредит бағдарламасы қалды. Оған бөлінген қаржы револьверлік механизм, яғни, бұған дейін берілген кредиттерден түсетін төлемнің есебінен тағы автокредитке жұмсалады. Осылайша, 20 жылдың ішінде біраз адам 4 процентпен көлік алады деген жоспар болған. Sputnik Қазақстан тілшісі осы бағдарлама бойынша миллиардтап ақша алған банктерді аралап, "револьверлік механизмнің" қалай жұмыс істеп жатқанын біліп қайтты.

Бұрынғы бағдарламаның ақшасын бес банк алды

Қазақстанның даму банкі – бағдарламаның операторы, яғни, бюджеттен және ұлттық қордан бөлінген ақшаға жауапты ұйым. Ал кредиттер екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімделеді. 2015 жылы басталған 4 проценттік бағдарламаның ақшасын бес банк алды. Олар:
Еуразиялық банк;
Halyk Bank;
Банк ЦентрКредит;
Forte Bank;
АТФ Банк.
Бағдарламаға барлығы 82 миллиард теңге бөлінген болатын. Оны үш траншпен берген. Алдымен ұлттық қордан 26 млрд теңге бес банкке берілді. Бірақ әрбіреуінің игерген сомасы әртүрлі болды. Атап айтқанда, Еуразиялық банк – 7,3 млрд, Halyk Bank – 12 млрд, Банк ЦентрКредит – 3,8 млрд, Forte Bank – 1,6 млрд, АТФ Банк – 1,4 млрд.
Екінші траншты (16 млрд теңгені) Еуразиялық банк, Halyk Bank пен Банк ЦентрКредит игерсе, үшінші транш (40 млрд теңге) Еуразиялық банк, Халық банк пен Forte Bank арқылы берілді. Жалпы, үш транш бойынша ең көп ақша – 44 млрд теңгені Halyk Bank алған. Міне, осы ақшаның бәріне автокредит берілді. Енді револьверлік жүйемен, яғни, бұған дейін берілген кредиттерден түсетін ай сайынғы төлемнің есебінен автонесие рәсімделіп тұруы шарт.

Министрліктің есебі

Өткен айда индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның даму банкінің жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша револьверлік механизммен ай сайын 200-ден астам кредит берілетінін айтқан болатын.
"Бүгінде осы бағдарлама бойынша айналымда шамамен 189-190 миллиард теңге жүр. Биыл 1 мамырға дейін барлығы 33 мың автокредит берілді. Ал револьверлік механизм, яғни, берілетін кредиттерден түсетін төлемдердің есебінен ай сайын тағы 2-2,5 миллиард теңге жиналып тұрады. Оған ай сайын республика бойынша 200-250 кредит беруге мүмкіндік бар", - деді Сапарбеков.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның даму банкінің автокредит бағдарламасы істеп тұр. Банктер ақша түскен сайын кредит беріп отыруға міндетті.

Банктер "жоғары жақтың" шешімін күтіп отыр

Алайда министрліктің есебі шынайы өмірден алшақ болып тұр. Бүгінде бес банк те автокредит беріп жатқан жоқ. Менеджерлер бұрынғы бағдарламамен соңғы рет қай кезде кредит рәсімдегенін есіне түсіре алмады.
Автосалондарда Банк ЦентрКредит пен Еуразиялық банктің өкілдерін табуға болады. Бірақ 4 проценттік автокредит бойынша ешкім өтінім қабылдап жатқан жоқ. Бәрі "жоғары жақтың" бұйрығын күтіп отыр. Forte Bank те солай. Бірақ 22-34 процентпен көлікті кредитке рәсімдеуге дайын.
АТФ Банк Jusan Bank-тің құрамына кіргеннен кейін жеңілдетілген автокредит тоқтатылды. Банк менеджерлері кепілсіз кредит алуға болатынын ғана айтты. Алайда оның мөлшерлемесі жоғары.
Бұрынғы бағдарламамен ең көп ақша алған Halyk Bank те жеңілдетілген автокредит рәсімдеп жатқан жоқ. Алдын ала өтінім беруге болады. Төлем қабілеттілігін де тексеруге мүмкіндік бар. Бірақ нақты кезек жоқ. "Жоғары жақтан" рұқсат берілгенде тағы өтінім беруге тура келеді.
"Бізге жеңілдетілген автокредитке әлі "доступ" ашқан жоқ. Қай кезде ашылатынын да білмейміз. "Доступ" болғанда хабарлаймыз, сол кезде өтінім беруге болады. Ал нақты бір кезек жоқ. Адам өтінім беріп, төлем қабілеттілігін растаса, ала береді", - дейді банк менеджерлері.
Банк қызметкерлері "револьверлік механизмен" қайтарылатын қаржының қалай жиналатынын да түсіндіре алмады. "Доступты" кімнің ашатыны да белгісіз. Револьверлік механизммен ай сайын беріледі деп отырған 200-250 кредит республика бойынша рәсімделсе, әрбір қалада бір-екі өтінім ғана қабылдануы мүмкін.
Жаңалықтар
0