"Балаңыз жол апатына ұшырады" деген хабар алғанда не істеу керек

© Photo : СС0 / Peter Douglas Үй телефоны
Үй телефоны - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Ақмола облысында полицейлер зейнеткерлерді 4,5 млн теңгеге сан соқтырған алаяқтардың бірін ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
28 маусым күні полицейлер Көкшетау қаласында 87 және 62 жастағы екі жергілікті тұрғын алаяқтарға алданғаны туралы деректерді тіркеді.
Жәбірленушілерге сол күні белгісіз біреулер қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, баласы жол апатына тап болғанын және жәбірленушілерге көмек көрсету үшін ақша қажет екенін хабарлаған.
Алаяқтардың айтқанын орындай отырып, 87 жастағы зейнеткер курьерге 1,1 млн теңге, екінші кейуана 3 млн 410 мың теңге берген. Содан кейін ғана өз балаларына қоңырау шалып, олардың ешқандай апатқа ұшырамағанын білген.
Екі дерекке қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сол күні криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Нәтижесінде қаражатты алып, тікелей қылмысқа қатысушылардың бірін ұстауға мүмкіндік туды.
Ұсталған 32 жастағы Петропавл тұрғынының айтуынша, ол Telegram арнасынан курьер болып жұмыс тапқан. Ол алаяқтық туралы бірден білген, бірақ заңсыз кәсіптен бас тартпағаны белгілі болды.
"Жұмыс беруші" оған табыстың 10%-ын уәде етіп, қалған соманы көрсетілген шоттар бойынша аударған. Ұсталған азаматты полицияға жеткізу кезінде одан ұнтақ зат салынған полиэтилен пакет тәркіленді. Болжам бойынша, ол – мефедрон синтетикалық препараты.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі (Есірткі құралдарымен заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тексеріледі.
Полицейлер азаматтардан мұндай қоңыраулар түскен кезде ешқандай жағдайда қолма-қол ақша бермеуді сұрайды.
"Сіздің туысқаныңызды немесе танысыңызды полиция ұстап алды деген қоңырау немесе хабарлама келіп түссе және оны қамаудан шығарғаны үшін кепіл, айыппұл немесе пара беру керек болса, дереу көмекке мұқтаж адамға хабарласыңыз, сонымен қатар полицияға қоңырау туралы дереу хабарлаңыз", - дейді тәртіп сақшылары.
Жаңалықтар
0