Қоғам

4 проценттік автокредит қандай талаптармен беріледі

© Sputnik / Владислав ВодневСотрудники автосалона встречают желающих получить льготный автокредит
Сотрудники автосалона встречают желающих получить льготный автокредит  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Қазақстанда жеңілдетілген автокредиттің бұрынғы бағдарламасы қалды. Соның аясында ай сайын 200-250 кредит беріледі деген жоспар бар. Sputnik Қазақстан бұрынғы бағдарламаның негізгі талаптарын ұсынады.

Қай бағдарламаның ақшасын автобустарға жұмсайды

Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасының екі операторы бар. Олар - "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ мен "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ. Әрқайсысы өз бағдарламасын жүргізеді.
Мәселен, Қазақстанның даму банкі 4 проценттік автокредит бағдарламасын 2015 жылы бастаған. Бертін келе, "Бәйтерек" холдингіне қарасты өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы тағы бір бағдарлама қолға алынды. Оған 100 миллиард теңге бөлінді. Екі бағдарлама да бірдей. Бір ғана өзгешелік бар, біреуінде алғашқы жарнаны талап етсе, екіншісінде ондай талай жоқ.
Жақында өнеркәсіпті дамыту қоры жүргізетін жеңілдетілген автокредит бағдарламасы арқылы қоғамдық көліктерді жаңартуға шешім қабылданды. Енді, бағдарлама бойынша жиналатын қаржыны жеңіл көліктерге емес, автобустарды сатып алуға жұмсайды. Әрбір облыс-қала әкімдігі тапсырыс береді. Соған қарай автобустарға жеңілдетілген кредит беріледі.

Бұрынғы бағдарламаның негізгі шарттары

Қазақстанның даму банкінің бастаған 4 проценттік автокредит бағдарламасында алғашқы жарна бар. Қалған шарттары соңғы бағдарламамен бірдей.
кредиттің шекті сомасы – 15 млн теңге;
қарызды қайтару мерзімі – 7 жыл;
номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 4 процент;
алғашқы жарна – 10 процент;
Алдағы уақытта бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Себебі қазіргі инфляция жағдайында 4 процент тым төмен болып тұр. Ал ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 16,75 процентті құрайды.

Автокредит қандай банктер арқылы беріледі

Қазақстанның даму банкі – бағдарламаның операторы, яғни, бюджеттен бөлінген ақшаға жауапты ұйым. Ал кредиттер екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімделеді.
Жеңілдетілген автокредит бойынша алғашқы транш (26 млрд теңге) бес банкке бөлінген болатын. Олар: Еуразиялық банк, Халық банк, Банк ЦентрКредит, Форте банк пен АТФ банк.
Екінші траншты (16 млрд теңгені) Еуразиялық банк, Халық банк пен Банк ЦентрКредит игерсе, үшінші транш (40 млрд теңге) Еуразиялық банк, Халық банк пен Форте банкі арқылы берілді. Соның ішінде ең көп ақша – 44 млрд теңге Халық банкіне бөлінді.
Қазіргі кезде барлық ақша револьверлік жүйемен, яғни, бұған дейін берілген кредиттерден төленетін ақшаның есебінен тағы кредиттер беріліп тұрады. Осылайша, қаржы айналып тұрады.

Бұрынғы бағдарлама ұзаққа созыла ма

Қазақстанның даму банкінің автокредит бағдарламасына барлығы 82 миллиард теңге бөлінген болатын. Қазіргі кезде ол ақша револьверлік жүйемен айналып жүр.
"Бүгінде осы бағдарлама бойынша айналымда шамамен 189-190 миллиард теңге жүр. Биыл 1 мамырға дейін барлығы 33 мың автокредит берілді. Ал револьверлік механизм, яғни, берілетін кредиттерден түсетін төлемдердің есебінен ай сайын тағы 2-2,5 миллиард теңге жиналып тұрады. Оған ай сайын республика бойынша 200-250 кредит беруге мүмкіндік бар", - деді индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның даму банкінің автокредит бағдарламасы істеп тұр. Банктер ақша түскен сайын кредит беріп отырады.
"Бүгін банкке барып, сұрауға болады. Егер бірінші бағдарлама бойынша револьверлік механизммен ақша түскен болса, автонесие рәсімдеуге болады", - деп атап көрсетті Сапарбеков.
Қазақстанның даму банкінің жеңілдетілген автокредит бағдарламасы 20 жылға, яғни, 2035 жылға дейін жалғасады.
Льготное автокредитование - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.06.2023
4 проценттік автокредит: министрлік ай сайын берілетін несиенің санын жариялады
Жаңалықтар
0