Жеке секторда құрбандық шалуға болмайды – Астананың бас санитары үндеу жасады

© Sputnik / Абзал Калиев Abzal KALIYEVЖертвоприношение на Курбан айт
Жертвоприношение на Курбан айт - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 28 маусым – Sputnik. Елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова Құрбан айт мерекесі қарсаңында үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Діни мереке қарсаңында санитарлық бақылау шаралары күшейтіледі. Ал санитарлар мен ветеринарлар мал сою пункттерін аралап, санитариялық талаптарды сақтауды тексереді.
"Малдарды сою арнайы бөлінген орындарда жүргізіледі. Одан өзге жерлерде немесе жеке секторда мал сатуға және құрбандыққа шалуға тыйым салынады. Малдар ветеринариялық жағынан қолайлы шаруашылықтардан және жергілікті жерлерден жеткізілуі тиіс", - деді Бейсенова бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, жәндіктерге қарсы және малды семіртуге арналған препараттар қолданылған жағдайда құрбандық шалуға болмайды. Ондайда дәрінің мал ағзасынан шыққанын күту керек.
Құрбандық шалуға арналған орындарға қойылатын талаптар:
санитарлық тазалау;
мал сойылатын жердің айналасына су шашу;
қалдықтарға арналған контейнер орнату;
теріні жинайтын қойманы жабдықтау;
сумен қамтамасыз ету;
қол жуатын жерді ұйымдастыру;
қасапшыға арнайы киім мен қолғап беру;
етті сақтау үшін тоңазытқыш орнату;
"Құрбан айт мерекесі кезінде ең маңызды рәсім - құрбандық шалу екендігі барлық мұсылман қауымға белгілі. Бұл күндері туған-туыстарымыздың үйін аралап, дастарқаннан дәм татамыз. Аталмыш мереке кезінде Астана қаласының тұрғындары арасында жаппай тамақтан улануды және жіті ішек инфекцияларын болдырмау мақсатында жоғарыда атап өткен санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды қатаң сақтауға шақырамын", - деп атап көрсетті қаланың бас санитары.
Айта кетері, Астанада құрбандық шалатын арнайы орындар белгіленді. Ал айттың бірінші күні қоғамдық көлік таңғы сағат 5:00-ден бастап жүреді.
Жаңалықтар
0