Жыл басынан бері зейнетақы төлеуге 1,3 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалды

© Sputnik / Абзал КалиевӘмиян
Әмиян - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,3 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалпы Қазақстанда 2 млн 299 мың зейнеткер бар. Қазіргі күні зейнетақының орташа мөлшері – 120 743 теңге. Оның 82 881 теңгесі ынтымақты зейнетақы, ал 37 862 теңгесі базалық зейнетақы.
"Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 374,1 млрд теңге қаржы зейнетақы төлеуге жұмсалған, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 421,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 952,2 млрд теңге бөлінген", - дейді ведомство.
Базалық зейнетақы 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріле отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Ал ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-іне тең болады. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ке артады. Ал егер сіздің еңбек өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ін құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді", - деп түсіндірді министрлік.
Міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Жаңалықтар
0