"Өз үйімде де су жоқ": Талғар ауданындағы ауыл әкімі елді мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана ДайыроваТалғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
Жазылу
АЛМАТЫ, 20 маусым - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Кеңдала ауылында тұрғындар "тас ғасырында өмір сүріп жатырмыз" дейді. Ауыл халқының базынасын тыңдап көрген Sputnik Қазақстан тілшісі мәселенің мән-жайын біліп қайтты.
Талғар ауданының халқы 400 мыңға таяп қалған. Ал ауданға қарасты Кеңдалада ауыл тұрғынын саны 16 мыңнан асса, ауыл маңындағы саяжай тұрғындарының саны 17 мыңнан асқан. Соның бірі – Энтуазист саяжайы. Мұндағы жұрт Алматының түбінде тұрса да, аралда қалғанның кебін киіп жүр.
© Айдана ДайыроваТалғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
Талғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
"Екі жыл болды ауыз су жоқ. Суармалы су туралы сұрамай-ақ қояйық. Бір тамшы ауыз суға зар болып отырмыз. Не жол жоқ. Саяжай маңында бетон арқылы қатты су ағып жатыр. Ол суға адам да, мал да түсіп өліп жатыр. Балаларымыз суға кетіп қала ма деп қорқып отырамыз", - дейді саяжай тұрғыны Бағдагүл Сыдықова.
© Айдана Дайырова Талғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
Талғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
Жалпы Кеңдалада бұрыңғы саяжайды баспана етіп тұрып жатқандар көп. Саяжай сыртына жаңа құрылыс қаптап салынып жатыр. Алайда жаңа көшіп келгендер ескі саяжайларды бірнеше шақырым айналып өтіп, үйлеріне әрең жетеді. Өйткені ескі саяжайды баяғыдан пана еткендер жолдарын темір қақпамен жауып тастаған.
"Бүкіл саяжайды айналамыз, не жол жоқ, каналдың түбін жол етіп жасап алдық, жағалап жүре-жүре үйімізге әрең жетеміз. Сол жаңағы бетон каналдың үстіне өз күшімізбен көпір салып алдық. Жауын жауса каналдары су тасып, көпірімізбен қоса шайып кетеді", - дейді тұрғындар.
Энтуазист саяжайындағыларға ауруға болмайды. Басың ауырып, балтырың сыздаса бірінші Аллаға, екінші дәріге ғана сену керек. Өйткені бұл жерге жедел жәрдем көлігі ат ізін салмайды, баяғы жол жоқ.
"Ауырып жедел жәрдем шақырсақ жол жаман деп келмейді. Ортадағы саяжайлардың қақпасы тарс жабық, бізге өте алмайды. Газ қостыру тіптен бөлек мәселе. Біз жаққа газ баллонын жеткізетін көліктер де келмейді", - дейді саяжай тұрғыны Әсия Құмарбекова.
"Аралда қалғандаймыз" деген тұрғындар мәселесін шешіп беруді сұрап, Кеңдала ауылының әкімі Алмас Өмірзақовқа барды. Өмірзақов күніне сусыраған жұрт ұялы телефонына маза бермейтінін айтты. Тіпті әкімнің өзі ауыз суға жарымай отыр екен.
© Айдана ДайыроваТалғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
Талғар ауданындағы ауыл әкімі мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
"Өзімде де су жоқ. Әкімдікте суды бөтелкелерге толтырып жинап аламыз. Саяжайларды ауыл етіп рәсімдемей бұл мәселе шешілмейді. Тіпті ауыл болғанның өзінде бәрі жақсы болады деп айта алмаймын. Өйткені қайта құру кезінде жерді иеленіп алғандар ешбір инфрақұрылымға қарамай, жер телімдерін сатқан. Салдарынан халық зардап шегіп отыр. Жалпы Талғар ауданындағы су құбырларының 80-90%-ы тозған. Халық саны күн сайын артып барады. Бәрін сумен қамти алмаймыз", - дейді Кеңдала ауылы әкімі Алмас Өмірзақов.
Тұрғындар әупірімдеп жүріп, жекеменшікке қыруар қаражатқа су тартыпты. Бірақ заңсыз. Сол құбырларды тазартып алыңыздар кісі жалдап, дейді әкім.
Халық көтерген екінші мәселе – жолды жауып тастаған қара қақпа. Әкім бұны да шеше алмайтынын айтты.
© Айдана ДайыроваТалғар ауданындағы ауыл әкімі елді мекендегі проблеманы ашық айтты
Талғар ауданындағы ауыл әкімі елді мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
"Ол жол – жекеменшік саяжайдың жолы. Ауыл статусына өткенде ғана шешіледі. Жекеменшікке барып, билік жүргізуге заңды түрде құқым жоқ. Тек сол жолды жауып тастаған саяжай тұрғындарымен сөйлесіп қана шешуге болады", - дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, жомарттың қолын байлап отырған – жоқтық.
"Саяжай болғандықтан, мемлекеттік бюджеттен бақыр тиын да бұйырмайды. Ақша бөлінсе, халық игілігі үшін аянып қалмаймын", - дейді Алмас Өмірзақов.
Ал қоқыс бойынша әкімдік жауапты мамандар нөмірін береміз деді. Бірақ жолы жоқ жерге қоқыс таситын мекеменің келу, келмеуі екіталай.
© Айдана ДайыроваТалғар ауданындағы ауыл әкімі елді мекендегі проблеманы ашық айтты
Талғар ауданындағы ауыл әкімі елді мекендегі проблеманы ашық айтты
© Айдана Дайырова
Еш мәселесін шеше алмаған Энтуазист саяжайының тұрғындары "дамыған заманда аралдағының күйін кештік" дейді. Тұрғындардың "аралдағы күйін" әкім де растап отыр.
Алматы маңында кезінде жекеменшіктің қолына өтіп кеткен жерлер көп. Аумағы бірнеше гектар. Кейіннен олар жеке тұрғындарға сатып, ақшаны қалтасына басып, қарық болған. Ондай жерлерде не су, не жол, не жарық жоқ, инфрақұрылымнан жұрдай. Енді азабын халық көріп, салдарымен әкімдік алысып келеді.