"Велосипед сатып аламын": Алматыда жұмыс істейтін оқушылар қанша табатынын айтты
17:56 16.06.2023 (жаңартылды: 09:58 09.08.2023)
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
АЛМАТЫ, 16 маусым – Sputnik. Жаз бастала салысымен оқудан босаған жастар жұмыс іздей бастайды. Олардың қатарында тіпті мектеп оқушылары да бар. Sputnik Қазақстан тілшісі сондай жұмысшы жастармен сұхбаттасып қайтты.
Жастардың жағалайтын жері базар маңы. Өйткені мұнда сауда жасап, жүк тасып, сусын сатып нәпақа табуға болады.
"Студентпін, "сатушы керек" деген хабарландыруды оқып, осы жерде сатушы болып орналастым. Сатқан заттарымнан 10% соманы маған береді. Жазда бекер жатқаннан гөрі осылай тірлік жасау керек, әке-шешеме де қолғабыс тигіземін", - дейді Іңкәр Еелеусізова.
Жұмыс істегісі келетін студенттерге шектеу жоқ, ал оқушылардың еңбекке жегілуі заң жүзінде қадағаланады. Десе де, бекер жатпай екі қолға бір күрек тауып алатын еті тірі оқушылар да бар.
"Жасым 14-те, жазда арматура зауытына барып үш күн жұмыс істедім. Негізі басшылары жұмысқа алғысы келген жоқ, бірақ жалынып тұрып алдым. Ол жерде ауыр жұмыстар істеткен жоқ, ауласын тазалау, ары-бері жеңіл заттарды тасу сияқты ұсақ жұмыстар істедім. Күніне 5000 теңге төлейтін. Мен үшін өте жақсы ақша еді", - дейді Досжан Абдырақынов.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бірақ Досжанның қуанышы көпке созылмаған.
"Жұмысты жақсы істедім, бірақ шығарып жіберді. Өйткені студенттер келіп тәжірибеден өтеді деді. Олар тегін жүреді екен, ал маған ақша төлегісі келмеген шығар, әйтеуір жұмыстан босатып жіберді. Қазір қарбыз сатамын. Сауда онша жүріп жатқан жоқ. Жаңа ғана орналастым, әлі ақша алған жоқпын, көп сатсаң көбірек төлейміз деді. Негізі велосипед сатып алғым келеді. Әке-шешеме айту ыңғайсыз, өзім жұмыс істеп сатып алсам ба деп едім", - дейді еңбекқор бала.
Досжанның айтуынша, жұмыс іздеп бармаған жері жоқ. Бірақ жасың кіші деп ешкім қабылдамайтын көрінеді. Жалпы, ата-аналардың көпшілігі есейе бастаған бала жұмыс істеуі керек деп ойлайды. Өйткені гаджетке телміртіп қойғанша жастайынан еңбекке баулу керек, дейді олар. Солардың бірі – Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Эльмира Өсербекова.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Бала кәмелетке толғанша жұмыс істемеу керек" деген заң дұрыс емес. Аяқ-қолы сау, 12 мүшесі сау бала әке-шешесінің тапқан-таянғанын жеп, қарап жату керек пе? Бұны балаға жасалған қиянат деп қарамау керек. Керісінше ұрпақты жастайынан жұмысқа барынша баулу керек. Мүмкін ішімдік ішіп, баласына қарамай, жұмыс істетіп қоятындарға арнап осындай заң шығару керек шығар, ал жалпы бала дегенге жұмыс істету керек", - дейді Эльмира Өсербекова.
Ата-аналардың пікірінше, ақшаның қаншалықты еңбекпен келетінін бала кішкентайынан түсіну керек. Бірақ құзырлы мекеменің тексеруінен қорыққан жұмыс берушілер жасөспірімдерді маңына жолатпайды.
"Баланы жұмсамасақ, еңбек етуді үйретпесек, болашағымыз өте қиын болады. Менің балаларым 4-5 сыныптан бастап мал бағады. Оңтүстікте күн ыстық, таңсәріде кетеді, кеш бата келеді. Бізде су мәселесі өте өзекті, балалар жаппай су тасиды. Егістікте мақтаның жабайы шөбін тереді. Өзіміз де солай істеп өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Отбасының мүддесі үшін жұмыс істеу – бала еңбегін қанауға жатпайды", - дейді Эльмира Өсербекова.
Бұл пікірді алматылық Сара Орынбаева да қолдайды.
"Ауылдағы бала мал бағады, су тасиды, қора тазалайды. Ал қаладағы бала төрт керегеде жата ма? Қазір мына гаджет деген өте қиын болды. Бала біткенді сол тәрбиелеп жатыр. Одан да еңбек еткені дұрыс. Заман болса қымбатшылық, неге жұмыс істемеу керек. Қанша ақша тапса да өзінің керегіне жұмсап, оның қандай еңбекпен келетінін білген бала ешқашан жаман болмайды. Адамды адам ететін еңбек. Керісінше бала еңбегіне қатысты заңға өзгеріс енгізу керек", - дейді Сара Орынбаева.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
1/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
2/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
3/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
4/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
1/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
2/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
3/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
4/4
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алматыда оқушылар жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр
Бала еңбегі туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілгінің өз уәжі бар. Айтуларынша, 16 жасқа толғандар ғана шартты түрде жұмыс істей алады.
"Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат беріледі. Еңбек шарты – орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен, оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін жасалады. Ал он төрт жасқа толған оқушылар киноматография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде – денсаулығына және дамуына нұқсан келтірмейтін жерде жұмыс істеуге болады", - дейді министрлік.
Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін: он төрттен он алты жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан аспайтын, он алтыдан он сегіз жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс істеуге рұқсат. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарға орналастыруға жол берілмейді.
Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстарға мысал: атом электр станциялары, коксхимия өндiрiсі, цемент өндiрiсi. Сондай-ақ электр энергетикасы мен сүңгуiр, газшы, жанар және жағар майларды құюшы, газ құтқарушысы болып жұмыс істеуге болмайды.
"Еңбек кодексіне сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасу кезінде басқа адамдардың рұқсаты қажет етілмейді. Ал он бес жасқа, он төрт жасқа және он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шартын жасау кезінде, олардың заңды өкілдерінің, ата-анасының біреуінің рұқсаты қажет", - дейді ведомство.
Бала ауыр жұмысқа жегілген жағдайда заң бойынша ата-анасына немесе жұмыс берушіге шара қолданылады.
Балаларды ең нашар жұмысқа тартқандар заңмен жазаланады. Мысалы кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту Қылмыстық кодекстің 132-бабымен жазаланады. Ал жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін Қылмыстық кодекстің 134-бабымен сотталады. Сондай-ақ эротикалық мазмұндағы өнімдерді дайындауға тартқандар қатаң жазаланады.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберген жұмыс берушінің де ешкім басынан сипамайды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы 3-тармағымен жазаланады.