ТМД елдерінің еркін сауда туралы жаңа келісімі не береді

© Sputnik / Владислав ВодневФлаги стран СНГ на заседании Совета министров иностранных дел в Астане
Флаги стран СНГ на заседании Совета министров иностранных дел в Астане  - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 14 маусым – Sputnik, Михаил Воробьев. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан премьер-министрлері өткен аптада ТМД аумағындағы қызметтердің еркін саудасы туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Сочиде Достастық елдері үкімет басшылары кеңесі барысында келісілді.
11 жыл бойы пысықталған құжатта не айтылған және оның орындалуы қандай нәтиже әкелетіні туралы Sputnik сарапшылардан сұрап білді.

Жаңа келісім не үшін қажет?

2012 жылдан бастап ТМД-да еркін сауда аймағы туралы келісім іске қосылған, оның аясында достастық елдері арасындағы тауар алмасу баж салығынсыз және Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелері бойынша жүзеге асырылады. Қазір қызметтерге қатысты осындай келісім жасалды.
Құжатты кемінде үш қатысушы мемлекет ратификациялағаннан кейін ол бір ай өткен соң күшіне енеді. Басқа елдер үшін – ратификациялаудан кейін 30 күн. Рәсім шамамен бір жылға созылады.
Келісім екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде көлік, заңгерлік, консалтинг, қаржы, құрылыс және басқа да қызмет нарығына шығу шарттары туралы айтылған.
Екінші бөлімде басқа елдерде бірінші кезекте ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке қатысты компанияларды құру мүмкіндігі туралы айтылды.
РФ экономикалық даму министрі Максим Решетников атап өткендей, бұл басқа елдерге шығуға, компанияларды еркін құруға, инвестиция салуға, жұмыс істеуге және өндірістік кооперацияны дамытуға ұмтылатын ресейлік бизнес үшін өте маңызды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, екінші бөлім төңірегінде пікірталас көп болды, өйткені әрбір мемлекет осы салада белгілі бір шектеулерді сақтап қалғысы келді.
"Біз "рұқсат етілгенге ғана рұқсат етіледі" қағидасынан "тікелей тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі" қағидасына көштік. Сондықтан әрбір ел тыйымдардың толық тізімін әзірледі, олардың барлығы келісімде бекітілген", - деп түсіндірді ол.
Мысалы, Ресей стратегиялық компанияларға, Тәжікстан – тау-кен өнеркәсібіне, Өзбекстан – атом энергетикасы, электр энергетикасы және машина жасау салаларына шетелдік инвестицияны шектеу құқығын сақтап қалды.

Салдары

Сочиде келісімге қол қойылған құжат іс жүзінде ТМД шеңберінде қызмет көрсетудің бірыңғай нарығын құруды білдіреді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институтының директоры Алексей Зубец.
"Егер бұл келісім міндетті болса және Ресей үшін посткеңестік кеңістікте қызмет көрсету нарығының ашылуын растайтын болса, онда бұл үлкен серпіліс", - деді ол.
Сарапшының пікірінше, Ресей Федерациясы ТМД нарығында негізгі ойыншы бола алады. Өйткені Достастық елдерінің арасында ресейлік компаниялардың әлеуеті жоғары.
"Посткеңестік кеңістікте Сбербанкпен салыстыратын компания жоқ. Егер сақтандыру нарығын алатын болсақ, "Ингосстрах", "Росгосстрах", "Альфа-страхование" – бұл әлемдік деңгейдегі құрылымдар. Олар ешбір жергілікті компания көрсете алмайтын деңгейде қызмет көрсете алады", - деді Зубец.
Ол келісімге қол қою ТМД елдерінің қарапайым тұрғындарының өміріне оң әсер етуі керек деп сенеді.
"Бұл халық үшін тиімді. Олар арзан әрі сапалы қызмет ала алады", - дейді сарапшы.
Нәтижесінде тұтынушы кедергілердің әлсіреуінен пайда көреді: бәсекелестік күшейіп, бұл сапаның жоғарылауына және бағаның төмендеуіне әкеледі, дейді Макроэкономиалық талдау және қысқа мерзімді болжау орталығының нақты сектор бағытының жетекшісі Владимир Сальников Sputnik тілшісіне берген сұхбатында. Дегенмен ол мұндай өзгерістер болатын секторларды нақты атай алмады.
Сонымен бірге сарапшы ТМД елдері экономикасының ауқымындағы елеулі айырмашылықтар жағдайында бәсекелестікті сақтау қажеттілігіне де назар аударды.
"Егер әртүрлі көлемдегі мемлекеттер сауда-саттықты бастаса, онда ірі ел бәсекелестік аясында жергілікті өндірушілерді басып тастауы мүмкін. Бұл жақсы емес және оны бөлек реттеу керек", - деді ол.

Өзара тиімді алмасу

Ресей Федерациясының компанияларына ТМД елдерінің нарығына шығу және оларға қызмет көрсету саласын дамытуға көмектесу оңайырақ болады, дейді Sputnik тілшісіне Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің посткеңестік елдер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Александр Гущин.
"Екінші жағынан, ресейлік компаниялар көрші елдердің қызметтерін пайдалана алады. Бұл логистика өзгеріп жатқан қазіргі уақытта өте маңызды", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қызметтердің еркін саудасы туралы келісім банк, көлік, қойма және логистика секторларының күшеюіне әкелуі керек.
"Келісім ТМД-ның барлық елдері арасындағы тауар айналымының өсуіне, сондай-ақ өзара инвестициялардың өсуіне, өндірістік қатынастардың дамуына, ең бастысы, осы одақ аясында жаңа құн тізбегінің қалыптасуына ықпал етуі тиіс", - деді Sputnik тілшісіне Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің экономикалық теория кафедрасының профессоры Екатерина Новикова.
Ол 2021 жылы Ресей ТМД елдеріне 8 миллиард долларға қызмет экспорттағанын, бұл барлық қызмет көрсетулердің 11%-ін құрайтынын айтты.
"Мұндай келісімді жасау ТМД-ға мүше мемлекеттердің заңнамасын біріздендіруді талап етеді. Себебі қарапайым азаматтар үшін бірдей қызметтерді пайдалану, оның ішінде кедендік баж салығы мен тарифтердің барлық түрін қолдану барынша тиімді болуы керек", - деді сарапшы.
Жаңалықтар
0