Өңірлер

Кісі қолынан қаза тапқан мүгедек азаматтың туыстары оқиғаның қалай болғанын айтты

© Photo : Steve BuissinneИнвалид
Инвалид - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 14 маусым – Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Түсіпханұлы кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстарынан Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
Нұрсұлтан – туа біткен 2 топтағы мүгедектігі бар жан. Бірақ ол мемлекеттің берген жәрдемақысына қарап, алақан жаймай, қосымша мал шаруашылығымен айналысқан.
"Бір аяқ, бір қолы кем болып дүниеге келген. Аяқ киімін де дұрыстап кие алмайтын. Ана жолы мәйітін тапқанда полицияның өзі аяқ киімін шеше алмай, қиналып кетті. Сонысына қарамай еңбекқор еді. Нұрсұлтан өзі жуас, ақкөңіл. Сол жуастығынан осындай қайғыға тап болды. Өзінің азын-аулақ малына елдің малын қосып бағып, адал еңбек етіп жүрген жан еді", - дейді марқұм Нұрсұлтанның бауыры Бекмұарт Түсіпханұлы.
Қайғылы оқиға 11 маусымда болған. Ол сол күні әдеттегідей малын бағып жүрген.
"Үйдегілердің бәрі Нұрсұлтанды іздей бастаған. Ұялы телефонына хабарласқан екен, бастапқыда қоңырау барғанымен, кейін сөндірулі болған. Содан аттан жығылып қалды ма деп іздей бастадық. Үйдің арт жағына шықсақ, Нұрсұлтан мінген ат шылбырын сүйретіп бос келе жатыр екен. Содан жанталасып іздей бастадық. Бұл түстен кейінгі уақыт болған", - дейді марқұмның ағасы.
Ауылдан жиырмаға жуық адам шығып іздей бастайды. Уақыт өте келе іздеушілер қатары көбейіп, бүкіл ауыл болып іздеген. Хабарсыз кеткен Нұрсұлтанның өлі денесін қой бағып жүрген 14 жастағы жасөспірім көріп қалады.
"Нұрсұлтанды таптық, осындай жерде деді. Сол жерге құстай ұшып жеттік. Келсем бауырым қанға бөгіп жатыр. Кеудесінде пышақтың орны тұр. Ұстасам денесі жылы, бірақ қасымдағылар жаны кеудесінен шығып кетті деді", - дейді Бекмұрат Түсіпханұлы.
Марқұмның артында 5 баласы қалды. Балаларының ең үлкені 14 жаста болса, ең кенжесі – небәрі 3 айлық.
Көп ұзамай Нұрсұлтанды өлтірді деген күдікті де ұсталған. Ол - марқұмды ауылмен бірге іздескен тұрғын.
"11 маусымда сағат 20:45 шамасында Жамбыл ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан Қарақастек ауылының шетіндегі, тас жол бойынан 1983 жылғы Н. есімді азаматтың мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлімінде "Кісі өлтіру" бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 2004 жылғы күдікті азаматты анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жасалып, тергеу жүріп жатыр. Ал күдікті аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті адам – Нұрсұлтанмен талайдан бері таныс, тонның ішкі бауындай араласқан адамы. Ол жасаған қылмысын мойындаған. Туыстарының ойынша, қайғылы оқиғаға марқұмның жиған азын-аулақ ақшасы себеп болған. Марқұмның отбасы кінәлі адам қылмыстан жалтарып кете ме деп алаңдап отыр.
Жаңалықтар
0